Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өз қызы Саида Мирзиёеваны Президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады. Бұл лауазым бір жыл бұрын таратылып, енді қайта қалпына келтірілді.
Соңғы екі жылда Саида Мирзиёева президенттің көмекшісі қызметін атқарып, басқару үдерістеріне белсенді қатысып, елді халықаралық аренада таныстырып келді. Өткен жылы ол бірнеше мемлекетке сапар жасап, олардың ішінде Қазақстан президентімен де кездескен.
Саида Мирзиёева – 40 жаста. Экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие, ақпараттық саясат және қоғаммен байланыс саласында мол тәжірибесі бар. Бұған дейін билік пен қоғам арасындағы коммуникацияны қамтамасыз ететін құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Шавкат Мирзиёев Өзбекстанды 2016 жылдан бері басқарып келеді. 2023 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілген соң, оның президенттік мерзімдері қайта есептеліп, билікте 2037 жылға дейін қалуына мүмкіндік берілді.