arasha.kz

Үміткерлер халықты қалай үміттендіріп жатыр?

Өткен сенбі күні, яғни 11 мамыр, кешкі сағат 18.00-ден кезектен тыс Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары басталды. Қазір 7 кандидат әр өңірді аралап, тұрғындарға өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстыруда.
Еуразия бірінші арнасының мәліметінше, «Қазақстан коммунистік халық партиясы» ұсынған кандидат Жамбыл Ахметбековтің жұмысы Нұр-Сұлтан қаласынан басталған. Үміткер қазақы ұлттық салт-дәстүрімен республикалық сайлауалды штабын салтанатты түрде ашып, таратылатын үгіт-насихат материалдары таныстырылды. Сайлауалды шаралар кезеңінде еліміз бойынша 320-ға жуық баннер іліп, 400 мыңнан астап парақша таратуды жоспарлап отыр. Салтанатты шара барысында Коммунистер кандидаты кішкентай сәбидің тұсауын кесіп, оған ақ жол тіледі. Бұл партияның болашақ қоғамды қалыптастырудағы ұстанымдарымен ұштасады.
“Осы тұсау кесу арқылы біз болашақтағы жас сәбиіміздің қадамы нық болсын дейміз. Ол адал және парасатты азамат болып өссе екен дейміз. Яғни біз Қазақстанның болашағын сеніп тапсыратын осындай жас сәбилерден бастап тәрбиелеуіміз керек деген ұғымды білдіреді. Ал өзіміздің сайлауалды бағдарламамыз бен жаңағы қазақтың сал-дәстүрі екеуі бір бірімен сәйкес келіп отырады”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков.
Алматыдағы автобөлшек сататын «Жібек жолы» базары жабылуы мүмкін. Себебі сауда орны қызыл жолақтың үстінде тұр. Қалалық сәулет құрылыс басқармасы осылай деп шешім шығарған. Бірақ кәсіпкерлер мұнымен келіспейді. Олардың ендігі бар үміті «Ақ жол» партиясында. Себебі, осы партияның атынан сайлауға түскен президенттікке кандидат Дәния Еспаева кәсіпкерлікті дамытуға, осы жолда жүрген жандардың құқығын қорғауға күш салатынын айтуда. Бизнес ортаға қолайлы жағдай жасағанда халықтың тұрмыс жағдайы жақсарады, деп санайды ол. Үміткер алматылық кәсіпкерлермен және «Темірбетон» зауытының ұжымымен кездесті.
“Қазіргі кезде 2 жарым мың кәсіпкер жұмыс істейді. Олармен бірге 4 мың адам тағы жұмыс істейді. Сонда 7 мыңдай адамның проблемасы көтеріліп отыр. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін бұл мәселені қолдауыма аламын. Бірінші кварталда кәсіпкерлер 15 млн теңге налог төлеген, ал былтыр үкіметке 60 млн налог төлепті”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Дәния Еспаева.
Келесі үміткер Әміржан Қосановтің үгіт насихат шаралары Теріскейден басталды. «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түскен кандидат Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево кентінің тұрғындарымен кездесті. Өңірге барған Әміржан Қосанов алдымен бірнеше нысанды аралап шықты. Кездесу кезінде ол жергілікті азаматтардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Әңгіме арасында сөз еркіндігі, әлеуметтік сала, ұлт бағдары секілді өз бағдарламасындағы мәселелерді түсіндірді. Солтүстіктегі сапарында үміткер қазақтың қос ұлы Батыр Баян мен ақын Мағжанның ескерткіштеріне тағзым жасады.
“Меніңше бұл сапардың басталуының екі символикалық белгісі бар. Біріншіден, Батыр Баян қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен батыр. Өкінішке орай, аты көп атала бермейді. Сондықтан тәуелсіздік рухын жастарға баулу, тәуелсіздікті қадірлеу, тәуелсіздік үшін күресу, ат салысу әрбір азаматтың миссиясы деп ойлаймын. Екіншіден, Мағжан Жұмабаевқа қатысты. Бұл кісі ұлы ақын”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов.
Мемлекет басқарудан үмітті жеті кандидаттың бірі Төлеутай Рақымбеков те сайлауалды бағдарламасын таныстыруға кірісті. «Ауыл» партиясының аманатын арқалаған Төлеутай Рақымбеков елордада республикалық қоғамдық штабын ашты. Оның құрамында партия мүшелері, қоғам қайраткерлері мен жазушылар, ауыл шаруашылығы ғылымының өкілдері бар.
Дәл осындай штаб еліміздің барлық өңірінен ашылуда. Соның аясында мобильді үгіт топтары кандидаттың саяси науқан алдындағы бағдарламаларын насихаттап, әртүрлі ұсыныс-тілектерді жедел қабылдап, уақытылы жауап бермек. Бұған қоса, әлеуметтік желілерді кеңінен қолданылу да көзделіп отыр.
“Одан кейін бір ерекше орын ол алатын жеке кездесулер. Мысалы өңірлерді аралап жүріп, оның ішінде тек ауыл, ауыл тұрғындарымен ғана емес, қаладағы өндіріс кәсіпорындарындағы, жоғарғы білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен, студенттерімен кездесіп, осы партия «Ауылдың» идеяларын насихаттаймыз деп ойлаймыз”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбеков.
Қазақстан Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиxов Павлодар облысындағы еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен кездесті. Сайлауалды үгіт-насиxаты кезінде xалыққа еліміздегі жалпы кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы енді қабылданатын жаңа заңға кәсіподақ ұйымы да өз ұсыныстарын берген. Өңірге сапары кезінде Аманкелді Таспихов қаладағы облыстық сайлауалды штабына аялдап, қоғамдық қабылдау бөлмесінде кездесуге өткізуге уақыт тапты. Үміткер еңбек адамының құқығын қорғау мәселесін қозғады.Сондай-ақ, ол Павлодардағы орталық базарға барып, саудагерлерменде тілдесті.
“Заңды жасақтаған кезде кәсіподақ ұжымы араласқан болатын. Өздерінің жұмыс тұрғысынан да атсалысып, сол жақатың тұрғысынан өзінің ұсытамдығын жүзеге асырғалы жатырмыз.СКЛОл біздің бағдараламамамызда бар. Біз оны шешуге ат салысамыз деп дайындалып жатырмыз.Сондықтан қойған сүрақтардың бәрі де орында сұрқатар”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Аманкелді Таспихов.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық штабына барып, қызметкерлермен кездесті. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының жүйесі мен алдағы атқарылатын жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, партия кандидаты аймақтық қоғамдық штаб басшылары және мүшелеріменде кеңес өткізді. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының бағыты осы үш бөлімнен бастау алады. Оның сандаған тараулары бар десек, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына негізделген нақты жоспарлар жазылған.
“Біз бірден қос бағытта жұмыс істейміз. Біріншіден тұрғындарды мазалаған мәселелерді шұғыл шешу қажет. Көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беру керек. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауға аламыз. Мен үгіт-насихат науқанын халықпен тікелей кеңесу деп білемін. Мен үшін халықтың ой-пікірі аса маңызды”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түнгі клубтар мен тәулік бойы жұмыс істейтін сауналарды жауып, ар-ождан полициясын құру қажет. «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға түскен кандидат Сәдібек Түгел осындай бастама көтеруде. Үміткер төл бастамасының ұрпақ тәрбиесі үшін оң ықпал ететіндігіне сенімді. Алтын уақытын сарп етіп, түнгі көңіл көтеру нысандарын аралаған Сәдібек Түгел көк түтінге уланып, арақ-шарапқа мас болған жастарға ақыл айтып, қымыз-шұбат ішуге шақырды. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген қағиданы берік ұстанған кандидатты алаңдатып отырған тағы бір мәселе ар мен ұят. Оны да реттейтін бір институт керек қазір.
“Біздің болмысымызға жат неше түрлі түнгі клубтар. Жынойнақ орындар, сауна-бардельдер, гей клубтар қаптап кетті. Күн санап өсіп бара жатқан сауна-бардельдерді, түнгі клубтарды басқа да лас орындарды жабу керек”,-дейді ҚР президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел.

Exit mobile version