Нұр-Сұлтан қаласында XII Астана экономикалық форумы өтіп жатыр. Форум жұмысына Қазақстанның бірінші президенті Н.Назарбаев қатысып сөз сөйледі, деп жазады sputniknews.kz
Форумның пленарлық отырысын жүргізген Euronews тілшісі Штефан Гробе Назарбаевтан сайлаудан кейінгі кезең қалай болады, деп сұраған. Бұл сауалға Н.Назарбаев кеңінен жауап берген.
«Көшбасшы мен халық бірін-бірі түсініп, бағдарламалар мен идеялар халықтың қолдауымен жүзеге асқанда ғана мемлекет өркендейді деген ұстанымдамын. Мен сайлауға бес рет түстім. Маған электорат 85%-дан кем дауыс берген емес. Осындай өзара түсіністіктің арқасында біз жетістікке жеттік. Келесі трансформация – тыныш, саяси дағдарыссыз болады және бұл дұрыс шешім. Мен өз кандидатурамды ұсынып және 100% сеніммен қайта сайланар едім. Бірақ жаңа буын, жаңа команда келуі тиіс» деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, тілші сауалына жауап беру барысында Назарбаев келесі президенттің міндеттерін де атап өтіпті.
«Келесі басшының тапсырмасы барлық бағдарламаларды жалғастыру. «Қазақстан-2050″ бағдарламасында біз дамыған отыз елдің қатарына кіруіміз керектігі көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр» депті Назарбаев.
Тілші сұрағына жауап беруін аяқтай келе, Назарбаев сөз аяғын қалжыңға сүйеп: «Мен ыңғайсыздық тудырып отырмын ба? Сіз әуелі «бірінші президент» деп айтасыз да одан соң «президент» дейсіз. Бірақ мұндай екіұдайлық Қазақстанда болмайды. Президент бар және ол басты адам» деп сөзін аяқтаған.