Мемлекет басшысы Еуразиялық интеграция мәселелеріне ерекше тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың табысты екенін атап өтті.
– Біз барлық мәселелер бойынша, соның ішінде Каспий теңізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағы жөнінде келіссөз жүргіздік. Ғарышты игеру саласында экологиялық тұрғыдан таза жанармаймен жұмыс істейтін зымыран тасушылардың жаңа түрін жасау жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей Федерациясының Президенті екіжақты қарым-қатынастар табысты дамып келе жатқанына тоқталып, жоғары сарапшылық деңгейдегі мамандардың цифрлық технологияларды дамытуға арналған кездесуін Қазақстанда өткізу жөніндегі бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
– Биылғы 10 айдың ішінде елдеріміз арасындағы тауар айналымының өсімі 34 пайызды құрады. Ең маңыздысы әрі перспективаға бағытталғаны – цифрлық технологиялар саласындағы біздің ынтымақтастығымыз бен бірлескен жұмысымыз. Қазақстан экономика, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ елдеріміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету салаларында біздің негізгі серіктесіміз болды және солай болып қала бермек, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, кездесу барысында мемлекеттер басшылары энергетика, ғарышты игеру және цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.