Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы ереже сенат бюросының отырысында қаралды. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның басқаруымен өткен отырысқа қатысқан бюро мүшелері президент Қ.Тоқаевтың бастамасын бірауыздан қолдады. Естеріңізде болса, 20-наурызда уақытша президент қызметіне кірісіп, ант қабылдаған соң Тоқаев Астананы – Нұрсұлтан деп өзгерту, облыс орталықтарындағы басты көшелерді Назарбаевтың атына беру және Назарбаевқа «құрметті сенатор» мәртебесін беруді ұсынған еді. Президенттің алғашқы екі ұсынысы бірден іске асты.Үшіншісі енді жүзеге аспақ.
Бюро отырысында сенаторлар: Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Бектас Бекназаров қолдау пікір айтқан.
«Елбасының басқаруымен тәуелсіздік кезіндегі Қазақстанның жеткен жетістіктері Елбасының осы бастаған жолының да, бағытының да дұрыстығын көрсетеді. Елбасы Сенат жұмысына әр уақытта терең мән берді, Сенат жұмысының ыңғайлы болуына барлық мүмкіндікті жасап отырды. Сенат өмірі Елбасының қойып отырған барлық мақсаттарымен тікелей тығыз байланысты болып келе жатыр», – Бекназаров осылай десе, Мұхтар Құлмұхаммед: «Біздің қазіргі Конституциямыз да, сол Конституция бойынша жұмыс істеп жатқан қос Палатаның қызметі де Елбасының үлкен бастамасының, авторлығының арқасында жүзеге асты. 1995 жылғы Конституциямыз посткеңестік елдер ішінде бірінші рет қос Палаталы Парламент жасақтауға мүмкіндік берді. Соның негізінде Сенаттың алғашқы күнінен бүгінге дейінгі жұмысы Елбасының тікелей қамқорлығымен, басшылығымен жүзеге асып келе жатыр деп біз нық сеніммен айта аламыз. Елбасы мемлекет қалыптастырушы, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы тұлға ғана емес, қос Палаталы парламентаризмнің де негізін салған қайраткер. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысын біз қолдаймыз және әбден орынды деп есептейміз», – деді.