фото: flags.kz
Ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Касем Сүлейманидың қазасынан кейін Иран мен АҚШ арасындағы текетірес ұлғая түсті. Екі жақ бір-біріне айбат шегіп, әртүрлі мәлімделер жасауда. Қазақстан тарапы әзірге халықаралық шиеленісті оқиғаға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме таратпады.
1992 жылы 5 қазанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында көтерген бастамасы негізінде құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі дейтін ұйым бар. Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы кеңес туралы анықтамада «Бастаманың негізгі мәні келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеудің алдын алу дипломатиясының және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ынтымақтастықтың тиімді тетігін құруға деген талпыныстарды жаңарту болды» делінген. Сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің ресми сайтында кеңестің мақсаты: «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі – Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты сақтау және байланысты нығайтуға бағытталған халықаралық форум» деп жазылған.
Осы кеңеске Иран Ислам республикасы да мүше. Алайда Иран мен АҚШ арасындағы текетіреске қатысты кеңес әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасамады.
Елбасы, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев президент болып тұрғанда көптеген халықаралық шиеленісті мәселелерге үн қатып, тараптарды диалоқа шақырған. Мәселен, Сириядағы соғысты тоқтату мақсатында тараптарға Астанада келіссөз жүргізіп, диалогқа келуге үндеп, ақыры Сирия мәселесі бойынша Астана кездесуі бірнеше рет өткен еді. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже шықпады. Сондай-ақ экс-президент әлемдік қауіп-қатерлер, халықаралық шиеленісті жағдайлар туралы түрлі форум, саммиттерде жиі айтып жүретін.
Назарбаев өз бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясында АҚШ пен Иран арасына араша түсе ме? Айтпақшы, кеңестің тұрақты хатшылығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.