23-10-24 |
7940 рет қаралған
Назарбаевқа тарихи әділ баға беру оны қоғам алдында ақтау науқанына ұласа ма?.
Назарбаевқа тарихи әділ баға беру оны қоғам алдында ақтау науқанына ұласа ма?

Президент Қ.Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде экс-президент Н.Назарбаевтың ел үшін жасаған еңбегі ескерусіз қалмауға тиіс екенін айтты.

Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің Назарбаевқа әділ баға берілу керектігін айтуы бірінші рет емес. Былтыр яғни, 2023 жылы 5 шілде – Астана күні қарсаңында сөйлеген сөзінде де экс-президент еңбегіне тоқалған еді.

Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жалпы ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділ баға беруіміз керек, – деген еді Тоқаев.

Саясаттанушы, дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, президенттің экс-президенттің қызметі мен еңбегіне әділ баға беру туралы бірнеше рет айуында гәп бар.

Президент – дипломат. Ал дипломаттар бекер сөз айтпайды. Сондықтан мұнда бір гәп бар. Қалай десек те Назарбаевқа баға берілуі керек. Ол – елді отыз жыл басқарған тарихи, саяси тұлға. Қытайда кезінде Мао Цзэдунға баға берілді ғой. Қазіргі президент Қытайды өте жақсы білетін адам, – деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, Тоқаевтың Назарбаевқа әділ бағасын беру туралы пікірі қоғам берілген сигнал. Ендігі жерде «Назарбаевтың тарихи еңбегіне әділ баға берейік» деп басталатын ақпараттық науқан жүруі ықтимал.

Бұл – қоғамға берілген сигнал. Біздің халық – момын халық. Экс-президентке әділ бағасын беру мәселесі халықтың қарсылығын тудыруы екіталай. Мәселенің екінші жағы бар. Ол – Назарбаев отбасы, оның айналасы. Президенттің айтқан сөзі оларға күш беруі де мүмкін. Отбасы, айналасы биліктен шеттетілгенімен, олардың ықпалы, үлкен қаржысы бар екенін бәрі де біледі. Оның үстіне Назарбаев жасаған саяси жүйе өзгерген жоқ. Ал біздің зиялылар президент сөзінен соң, енді Назарбаевқа әділ баға беру туралы ойларын айта бастайтын шығар, – деп ойын түйіндеді Бейсебаев.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев және оның отбасы мүшелері, оған жақын көптеген лауазым иелері биліктен аласталды. Назарбаевтың немере інілері: Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш істі болды. Самат Әбіш шартты жазаға кесілді. Қайрат Сатыбалды заңсыз иеленген активтері мен қаржысын мемлекетке қайтарып, шартты жазамен босап шықты. Назарбаев әулетінің құдасы делінетін Қайрат Боранбаев та дүние-мүлкін, қаржысын мемлекетке қайтарып шартты жазамен шықты. Кәрім Мәсімов сотталды. Тұрғымбаевтың ісі қаралып жатыр. Арыстанбек Мұхамедиұлы да істі болып, сотталды. Осылайша, қазіргі саяси алаң Назарбаев ең жақын жақтастарынан тазарды деуге болады. Сондықтан да президенттің Назарбаевқа тарихи, әділ бағасын беру туралы ойы нақты тек қана экс-президенттің тәуелсіздік тарихындағы еңбегі мен қызметінің ақ-қарасын айыру мәселесінен туындауы мүмкін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.