фото: elbasy.kz
Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы, елбасы, тұңғыш президент Н.Назарбаев үкімет басшысы А.Маминмен кездесті. Кездесу барысында Назарбаев қазіргі жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін айта келіп:
«Әлемдегі экономикалық ахуал күрделі. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің көрсеткіштері жаман емес. Алайда карантиннің салдары экономикалық көрсеткіштерге әлі толық әсер ете қоймағанын ескеруіміз керек. Осы орайда шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Қазір дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейтінімізді ойластырғанымыз жөн. Экономика төмендеп, 2008 жылғы дағдарыстың салдарынан да ауыр болуы мүмкін» деді.
Өз кезегінде премьер-министр Қазақстанның тұңғыш президентіне ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берген.