Ресей президенті Владимир Путин 27 қарашада Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Сапар қарсаңында елімізге сыртқы істер министрі Сергей Лавров арнайы ат басын тіреп, қазақ әріптестерімен «АҚШ санкцияларынан аттап өтіп, қаржы, сауда байланыстарын қалай нығайту» керегін талқылапты. Шетелдік дипломат: «Ресей АЭС салуға көмектесіп қана қоймай, өз ұсыныстарын да енгізді. Біз президент Тоқаев өткізген референдумды жіті бақыладық, оның атом энергетикасын дамыту жоспары қолдау тапты. «Росатом» біздің қазақстандық достарымызбен бұл мәселені шешу үшін өз тәжірибесімен бөлісуге дайын» деп мәлімдеген. Отандық сарапшылар бұл жобаның тәуекелі көп деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Еуропа елдері атом электр станциялары мен көмір энергетикасынан жаппай бас тартып жатқан тұста Қазақстанда жақын арада АЭС пен жылу электр станциялары салынбақ. Париж конвенцияларының талаптары қалай орындалары белгісіз, бірақ қазірше елімізде «көмір лоббиі» де ықпалды күш боп тұрғаны анық. Ең қызығы, АЭС-ті де, ЖЭС-ті де ресейлік компаниялар салмақ. Атап айтсақ, Семей, Көкшетау мен Өскеменде үш бірдей жылу электр станциясы салынуы тиіс. Ал оларды путиншіл, Батыс санкциясына түскен ресейлік олигархтар салады деп жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетсек, елімізде ЖЭС салуға ниетті «Интер РАО» компаниясы танымал олигархтар Борис Ковальчук пен Игорь Сечинге тиісілі. Халықаралық санкцияға ілінген компаниялар Қазақстанда қалай электр станциясын салмақ, бұл басы ашық мәселе боп тұр. Соңғы ақпарат бойынша, Ресей елімізде жылу қазандықтарын салуды 2025 жылға шегеріпті.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай «АЭС-ті Ресей салмайды. Оған ешкім мүмкіндік бермейді. Олар реакторларын сыртқа шығара алмайды. Онсыз да санкцияның астында» деп мәлімдеме жасаған еді. Бұдан кейін Қазақстанда бұл жобаны консорциум салады деген ақпарат тарады. Бірақ отандық сарапшылар егер консорциумға Ресей кірсе, мұның артынша Қазақстанға жанама санкциялар енгізілу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Танымал саясаттанушы Қазыбек Майгельдинов:
– Қазақстанда АЭС салу бойынша консорциум құрылатыны туралы ақпараттың бары рас. Бұл шын мәнінде қазіргі әртараптандыру саясатын қолданудың тәсілі деп білемін. Ресей АЭС салу барысында консорциумдағы басқаруды өз қолына алғанның өзінде ескеретін бірнеше фактор бар деп есептеймін. Біріншіден, қазіргі Батыс санкциясының құрсауында тұрған Ресейдің атом электр станциясын салу кезінде ірі қаражат пен технологияларға қол жетімділігі шектеулі болады. Әрине Ресейдің өз тәжірибесі, технологиялары бар. Бірақ олардың қаншалықты жеткілікті деңгейде боп тұрғаны мен жаңа заманға сай қауіпсіздігі жоғары АЭС-терді салуға сәйкес келетіндігі бөлек әңгіме. Сондықтан бұл жәйт АЭС-ті салу мерзімін ұзартып жіберуі мүмкін.
Екіншіден, Қазақстан мен Ресей компаниялары бірлескен ынтымақтастық негізінде келісімшарт жасағанның өзінде тиісті жобалар жүзеге асатын болса, батыс санкциялары күшейген кезде бұл жанама түрде біздің де отандық компанияларға салқынын тигізеді. Қазір бірнеше қазақстандық компания санкцияға ілініп отыр. Сондықтан мұның да кері әсері болуы мүмкін, – дейді.
Қазыбек Майгельдиновтың ойынша, «Үшіншіден, тәуекелі ең аз фактор да бар. Егер аталған консорциум аясында Оңтүстік Корея, Франция мен Ресейдің тікелей қатысуымен АЭС салынса, онда бұл Батыс санкциясының жеңілдеуіне әсер етеді. Қанша дегенмен, Франция Еуроодақ мүшесі. Оңтүстік Корея Батыс Еуропамен, Америкамен тығыз байланыстағы ел. Сондықтан бұл тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді және Қазақстанның ұстанып отырған бейтарап саясатына жауап береді. Сондықтан алдағы уақытта АЭС салуда осы тәуекелдерді ескеру керек. Өз кезегінде бұл АЭС салудың мерзіміне, сапасына және қауіпсіздігіне тікелей қатысты болмақ».
Ал санкция құрсауындағы ел атом реакторын сыртқа шығара ала ма? Саясаттанушының айтуынша, Ресей үкіметінің 2023 жылғы 23 желтоқсанында «Кейбір заттарды Ресей территориясынан шығаруға тыйым салу туралы» қаулысы қабылданған. Оның мерзімі 2025 жылдың аяғына дейін созылады. Бұл заттардың тізіміне ядролық реакторлар да кіреді екен.
Бұған дейін Arasha сайтына сұхбат берген энергетика сарапшысы, экономист Әсет Наурызбаев«ядролық реактор Ресейде жасалып, ал энергетикалық бөлігі, автоматика мен басқа да құрылғылары Қытайда құрастырылу мүмкінкіндігін» айтқан еді. «Ал мұндай жағдайда екінші деңгейлі санкциялар «Росатоммен» жұмыс істейтін барлық компанияларға салынуы мүмкін. Бұл дегеніңіз жоба жабылады деген сөз. Себебі бұл жобада байытылған уран да, реактор да Ресейден әкеленеді деп жоспарланып отыр. Мұндай жағдайда біз жобаға жұмсаған қаржының бәрін жоғалтамыз. Яғни, санкцияның аяқталуына дейін бұл қаржы бұғатталады. Ал санкцияның ондаған жылдарға созылатынын ескерсек, құйылған инвестиция жоғалады. Мұндай қатердің барын біздің үкімет мүлдем айтпайды» дейді экономист.
Ресейлік сарапшылар да бұл жобаға тек Қазақстанда ғана емес, Батыс елдерінде де қарсылық білдірушілер көп дейді. Ведомости басылымына сұхбат берген маман Станислав Притчин «Қаржылық міндеттемелерге келсек, Ресей Қазақстанға өте тиімді ұсыныс жасап отыр. Бұл мемлекеттік несие мен АЭС салудағы оңтайлы тәжірибе» дейді. Ресейдің шетелдік тәжірибесіне келсек, «Росатом» компаниясы көбіне Африка мен Азияның кедей елдерінде АЭС салғанын байқау қиын емес. Атап айтсақ, бұл тізімде Бангладеш, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран мен Беларусь елдері бар.
Түркияның Мерсин аймағында «Росатом» компаниясы салып жатқан Аққұю атом электр станциясының да басы даудан арылмай қойды. Жергілікті экологтар мен белсенділер оның табиғатқа тигізер залалын көтеріп жүр. Түрік басылымдарына сенсек, АЭС-тің құрылысы біткен соң станцияны Ресей басқарады екен, ал өндірілетін энергияның бір бөлігін Түркия сатып алуға міндеттелген. Яғни, келісімге сәйкес станция иесі Ресей болып қалады. Ал 2040 жылдардан бастап Түркия станцияның 49%-ын сатып алу мүмкіндігіне ие болады екен.
Естеріңізге сала кетсек, Украинада соғыс басталғаннан кейін Финляндия «Росатом» компаниясымен бірлесе салып жатқан «Ханхикиви-1» атом электр станциясының құрылысын тоқтатқан болатын. Жоба құны 7-7,5 млрд еуро деп бағаланған. Ресей финдерден 920 млн еуроны қайтаруды талап етуден бөлек, мұны саяси қысым құралына айналдырды. Бұған жауап ретінде Финляндия НАТО әскери одағына кірді.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
24.12.2024