Айдос Үкібай Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мәскеуге сапары жеке және бейресми сипатта болғанын айтты.
«Оны Владимир Путинмен көпжылдық достық қатынас байланыстырады. Бұл қарым-қатынас мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып отыр.
Тұңғыш Президент әлемдік жетекшілердің бірқатарымен байланысын жалғастырып келеді — бұл байланыс телефон арқылы сөйлесу, жеке хат алмасу және жеке кездесулер арқылы жүзеге асады», — деп түсіндірді Үкібай.
Ол сондай-ақ, ресми лауазымда емес белгілі саясаткерлермен жеке кездесулер қалыпты тәжірибе екенін атап өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына келсек, ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырту алған еді. Объективті себептерге байланысты ресми мерекелік күндері қатыса алмады және Мәскеуге кейінірек жеке түрде барды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда тұрақты тұратынын ерекше атап өткім келеді. Оның елден кетті деген ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді», — деп түйіндеді ол.