Премьер-министр Олжас Бектеновтің Бакуге ресми сапары аясында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі жеткізілді.
Екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейіне көтерілді.
Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $533 млн-ды құрады. Қазақстан Әзербайжанға $340 млн-нан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуді арттыруға дайын. Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасын интеграциялау аяқталды.
Тараптар екіжақты тауар айналымын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін растады.
Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.
Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.