Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орыс баспасөзі де назар аударып жатыр.
Ресейдің «Новая газетасы» «Король севера» деген тақырыппен жарияланған мақалада Тоқаевтың жазғанына аз-кем шолу жасаған. Автор президенттің мақаласы ең әуелі ішкі аудиторияға арналғанын айтады. Оған дума депутаттары Никонов пен Федоровтың Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан сөздеріне ұлтшыл-патриоттардың өре түрегелуі себеп болды дейді.
«Тоқаевтың мақаласы өте сақ жазылған. Оның үстіне материал тек газеттің қазақша нұсқасында ғана жарық көрген. «Егемен Қазақстаннан» қарағанда «Казахстанская правда» мақаланың негізгі тезистерін жаңалық сипатында ғана берген. Бұл жанама түрде мақала ішкі аудиторияға арналған деуге негіз болады. Президент Тоқаев ашық түрде ұлтшыл-патриот күштердің көңіл-күйіне қарай «ойнаған». Ал оларды Никонов пен Федоровтың дауынан кейін өрт сөндіргендей сөндіріп, жұбату керек болды» деп жазады мақала авторы Вячеслав Половинко.
Бұдан әрі автор ұлтшыл-патриот күштердің ашу-ызасы «Хабар» арнасына ауып, «Большая неделя» хабарындағы тележүргізуші Дмитрий Олейниковтің Шевченкомен сөзталастырғанын сипаттай жаза келіп: «ұлтшыл-патриот күштердің ашу-ызасы мемлекеттік «Хабар» арнасын жабуға ашық шақыруға аз-ақ қалды» дейді.
Cондай-ақ мақала авторы Вячеслав Половинко: «Ресми Мәскеу тілдеріне ие бола алмаған саясаткерлерінің кесірінен ендігі жерде үнемі сөз еститін болады. Олар бір рет айтты, ал оған жауап ретіндегі түрлі айыптауларды әркез естуге тура келеді. Ал Ресей саясаткерлері әрі қарайда Қазақстанның Тәуелсіздігіне тиісе беретін болса, тіпті сөзбен болса да онда Қазақстан талқылауға тағы бірнеше тақырып ойластырып қойған» дей келіп, президент мақаласындағы Желтоқсан оқиғасы туралы айтылғандарға тоқталады. Ал президент Тоқаев мақалада: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген еді.
Және де Вячеслав Половинко Тоқаевтың ашаршылық мәселесін көтеруі де ресми Мәскеуге ұнамайтынын жазады. Президент болса, мақалада: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.
Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек.
Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс» деп жазған еді.
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024