10-12-18 |
7660 рет қаралған
Париждің көз жасы.
Париждің көз жасы

Франция президенті Макронның «қоршаған ортаны қорғау үшін» деп бензин мен дизель отынының бағасын көтеруіне қарсы шыққан «сары жилеттілер» қозғалысы желтоқсанның 8 күні бүкіл Париж қаласын алаулатты. Дәл осы уақытта біз де Париждегі халық дүмпуінің «батыстық үлгісінің» куәгері болдық.

Францияда кез-келген жүргізушісінің машинасында бар, апаттық жағдайда тоқтаған кезде жүргізуші машинасынан шыққанда үстіне киіп шығуы міндетті, сары түсті жилеттерін киген мыңдаған адам Париждің бірқатар көшелеріндегі қозғалыстың жабылып қалуына себепші болды.

Көптеген автобустар желісі тоқтады, метро жұмыс істемеді, такси да, басқа машиналар да бірен-сараны болмаса, оқиға орнына кіре қоймады. Дүкендер мен сауда орталықтарының көпшілігі жабық тұрды. Дәл сол күні ауа-райы бұзылып, қатты суық жел соқты, оқтын-оқтын жаңбыр себелеп, кешке қарай үдей түсті.

Қозғалысқа қатысушылар Париждегі соңғы метро станцияларының бірі – Порт Майодан (Port Maillot) бастап жолындағы кейбір дүкендер мен ресторандардың терезелерін қиратып, машина мен мотоциклдерді өртеп, улап-шулап, дүрсілдетіп-тарсылдатып, жалаулары мен плакаттарын көтеріп қаланың дәл ортасындағы Триумф Аркасына (Arc de Triomphe) қарай жылжыды.

Осы оқиғаның куәгерлері болған қазақстандық екі саяхатшы өз бастарынан кешкендерін айтып берді.

1 саяхатшы: Париждің сыртындағы Бове әуежайынан шатл-бас бізді өздерінің Порт Майодағы автостанциясына таңертеңгі сағат он жарымда әкелді. Автобуспен қалаға келе жатқанда біздегі жол жөндеушілер киетін сары жилет киген адамдар қалада толып жүргенін байқадық, олар жолдарды жауып, кей жерлерде бір нәрселерді өртеп жатты. Станцияда автобустан түсіп, Порт Майо метросына барып едік, жабық тұрды. Сары жилетті бір адамнан метроның неге жұмыс істемей тұрғанын сұрап едік, ол бізге «метро да автобус та, такси да жоқ. Тездетіп бұл жерден кетіңдер, қазір қауіпті болады»,-деп қатқыл жауап берді.

2 саяхатшы: Сол-ақ екен, сары жилеттілердің саны күрт артып, тәртіпсіздік басталып кетті. Біз Эйфель мұнарасы жаққа қашып кетпекші болдық. Бірақ олардың да бағыты солай қарай екен. Шерушілерге қарсы қара киімді, «бес қаруын асынған» полицейлар қарсы жүгірді. Қақтығыс басталды, жанымыз мұрнымыздың ұшына келгендей қаштық. Қалың көпшілік басым болды ғой деймін, олар бәрібір алға жылжыды. Біз Эйфелге қарай бұрылып кеткен кезде, көтерілісшілерден құтылғандай болдық. Эйфель мұнарасының маңайы тыныш болатын. Мен дереу такси шақырып, автовокзал арқылы басқа қалаға кетіп қалдым.

1 саяхатшы: Мен сол маңайда біраз жүрдім. Аздан кейін ереушілер Эйфелге де келіп жетті. Шерушілер ойрандап өткен жолды көру үшін Триумф Аркасына бардым. Ол жақ полиция, жедел-жәрдем, өрт сөндірушілердің дабылынан азан-қазан. Жанып жатқан, жанып кеткен машиналар, мотоциклдер, көп жеңіл көліктердің шанағы майысқан, әйнектер сынған , айнала кір-қоқыс.

Арканың жанынан халық легі өтіп кетсе де, адамдар азаймапты. Маған бірнеше адам келіп тиіспекке соқтыққаннан кейін, жақын маңдағы бір үлкен сауда орталығына тығылдым. Күзетшілер мені тінтіп, тексергеннен кейін кіруіме рұқсат берді. Кешке дейін сонда жүрдім. Ара-тұра далаға шығып жағдайды бақылап отырдым. Кешқұрым, көп адам ішімдік ішуді бастады. Сауда орталығы жабылатын болғаннан кейін, амал жоқ кетуіме тура келді. Метро жұмыс істемейді, автобус жоқ, ішімдікке қызып алған халықтың дүрілі одан сайын күшейе түскендей көрінді. Аздан соң, отельге кету үшін такси іздеп жүргенімде тағы бір адам келіп маған тиісуді бастады. Полицияға барып шағымданып едім, олардың менсіз де істері бастарынан асып жатыр екен. Бір- біріне сілтеді. Көшеде жападан жалғыз жүрдім. Өңменіңнен өтетін суық жел күшейіп, жаңбыр да үдей түсті. Жаңбыр Париждің көз жасындай көрінді.

Айтпақшы, Францияда бірнеше апта бұрын басталған жанар-жағар май бағасының өсуіне қарсылық көрсету кезінде үш адам қаза тауып, 750-ден астам адам жарақаттанған. Жеті жүзден астам шерушіні құқық қорғаушылар ұстаған. Бір адам қолына граната ұстап, Эммануэль Макронмен кездесуді талап еткені үшін тұтқындалған.

Арнайы Парижден Нұржан Көшкенов

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.