Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бірқатар маңызды заңдар әзірленіп, күшіне енді. Мемлекет басшысы биыл жалпы 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли ҚазАқпаратқа берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында Берік Уәли қызықты фактімен де бөлісті.
«Президент жылдың алғашқы күні де жұмысқа шығып, «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңға қол қойған екен. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты халқының саны 500 мыңнан асатын шаһарлардың айналасындағы елді мекендерді дамыту үшін бұл заңның мән-маңызы зор», – деді ол.
Сондай-ақ ол биыл «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыратын тиісті Заңға қол қойылғанын, келесі жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарының бәріне теңдей бөлінетінін айтты.
«Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне енген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын халық арасында әділ бөлуге негізделген маңызды қадамдар деп айтуға болады. Себебі қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады. Сонымен қатар құқық қорғау саласын, соның ішінде прокуратура мен сот жүйесін күшейтуге, Конституциялық сот органын құруға бағытталған бірқатар Заң қабылданды», – деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, президент кез келген шетел сапарында сол мемлекеттің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарын таныстырады. Елімізде инвесторларға барынша жағдай жасалып отыр. Таяуда Президент Жарлығымен Инвестициялық штаб құрылған. Енді аталған Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті. Демек, жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқанына, инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асырғанына қарай бағаланады.
«Жалпы, биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шетелден 13,3 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған екен. Оның ішінде Нидерланд – 3 миллиард доллар, АҚШ – 1,9 миллиард доллар, Швейцария – 1,7 миллиард доллар, Ресей – 1,1 миллиард доллар; Қытай – 748,3 миллион доллар; Оңтүстік Корея – 717 миллион доллар; Бельгия – 585,3 миллион доллар; Франция – 458,4 миллион доллар; БАӘ – 408,7 миллион доллар; Люксембург – 238, 5 миллион доллар инвестиция салған», – деді Президентінің кеңесшісі.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024