arasha.kz

Қазақстан халқының 90 пайызында несие бар

«Қазір Қазақстан халқының 90 пайызында несие бар. Қазір көп адамда енді несие алатын жағдай да жоқ. Себебі жаңадан қарыз алу үшін ескісін жабуың керек. Ал ескі несиені жабу үшін табысың болуы тиіс. Ал девальвацияға байланысты халықтың табысы түсіп кетті. Сол себепті халықта оны жабар шама да жоқ» деді коммунист депутат Айдын Қоңыров Қазақстан коммунистік халық партиясы халыққа несие рақымшылығын жасау бастамасына байланысты Астанада өткен отырыста.

«Кеше өздеріңіз білетіндей, біз халықтың, шағын және орта бизнестің несиеге батып кеткенін айтып, Үкіметке сауал хат жолдаған едік. Біз жалпы халықпен етене жұмыс жүргіземіз. Көбінің мәселесінен хабарымыз бар. Азаматтардың көбі несие жүктемесіне байланысты қиналатынын айтады. Себебі халықтың ішінде 4-5 банкте қарызы бар азаматтар бар. Оларды өтеу тым қиын. Халықтың көбі осындай тығырықта тұр. Кейбір қаржылық институттар азаматтардың ел ішінде қозғалысын шектеуге дейінгі құзыретке ие болған. Тіпті пойыз бен ұшаққа отырғызбауға дейінгі жағдайлар кездеседі. Мұның ақыры экономиканы деградацияға ұшыратынын ескеру керек. Экономистердің айтуынша бұл жағдай қазір өзінің логикалық түйініне тақап қалған. Өткен ғасырда Батыс елдерінің банкирлері мен капиталистері экономиканың басым бөлігінің несиеге бату мәселесімен бетпе-бет келген. Алайда кейін совет билігі құлап қалды да, жаңа нарықтарға жол ашылды. Тиісінше олар бұл жүйені жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бірақ біздегі жағдайды ойлайық. Қазір Қазақстан халқының 90 пайызында несие бар. Қазір көп адамда енді несие алатын жағдай да жоқ. Себебі жаңадан қарыз алу үшін ескісін жабуың керек. Ал ескі несиені жабу үшін табысың болуы тиіс. Ал девальвацияға байланысты халықтың табысы түсіп кетті. Сол себепті халықта оны жабар шама да жоқ», – дейді коммунист.

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары атынан Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдаған болатын. Олардың айтуынша елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлегенімен, қазір объективті себептерге байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет.

 

Exit mobile version