24-04-20 |
2500 рет қаралған
Қазақстандағы саяси өзгеріс эволюциялық жолмен жүрмеуі мүмкін – сарапшы.
Қазақстандағы саяси өзгеріс эволюциялық жолмен жүрмеуі мүмкін – сарапшы

фото: sputniknews.kz

Бүгін Қазақстанда президенттік басқару институты енгізілгеніне 30 жыл толды. 1990 жылы 24 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-інің президенті болып сайланды.Сол кездегі бас мемлекеттік газет (қазір де солай) «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 25 сәуірдегі санының бірінші бетінде Қазақ ССР-інің президенті туралы жоғарғы кеңестің қаулысы жарық көрді. Онда «Қазақ советтік социалистік республикасының жоғарғы советі қаулы етеді:
Қазақ советтік социалистік республикасының президенті болып Нұрсүлтан Әбішұлы Назарбаев жолдас сайлансын!» делінген. Осылайша, 1990 жылы президент қызметіне кіріскен Н.Назарбаев Қазақстанды 29 жыл басқарып, 2019 жылы 19 наурызда өз еркімен ресми түрде президент қызметінен кетті. Қазір ол билік партиясы саналатын «Нұр Отан» партиясының төрағасы әрі қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы. Сондай-ақ конституцияға енгізілген өзгерістерге сай «Елбасы – Тұңғыш президент» конституциялық мәртебесіне ие.
Қазақстан тарихы үшін 24 cәуір тарихи дата. 1990 жылдан бері арада тура 30 жыл өтті. Президенттік басқару жүйесі Қазақстанға не берді? Президенттік басқару жүйесі өзін-өзі ақтады ма? 30 жылдан бері жалғасып келе жатқан президенттік басқару жүйесінде – бүгінгі жүйеде қоғам күткен өзгеріс болуы мүмкін бе? Болса ол қандай жолмен болады? Осы сауалдарды бірнеше саяси сарапшыларға қойған едік. Сауалымызға алғашқы болып саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов жауап қатып, пікірін айтты.

фото: facebook.com/shalkar.nurseitov

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:

– Республикалық формадағы мемлекеттерде президенттік билік тежемелік және тепе-теңдік принципіне сай жүргізілетін болса, онда ол азаматтар үшін демократия құндылықтармен өмір сүруге қолайлы саяси басқарудың түрі бола алады. Бірақ Қазақстан жағдайында саяси «элита» президенттік басқару жүйесі негізінде 1995 жылы авторитарлық режимді конституция арқылы нығайту жолына түсті. Осылайша қазіргі авторитар президенттік басқару жүйесі Қазақстанды әлемдегі автократиялық мемлекеттердің қатарына кіргізіп отыр. Қазақстандағы аз ғана үстемдік етуші топтың абсолютті билікке ұмтылуы және қоғамдық-саяси қатынастардың ерекшеліктері еліміздегі президенттік билікті авторитарлық, тіпті монархиялық форматтағы президенттік формаға айналдырды.

Сондықтан президенттік басқару институты дәл қазіргі формасында Қазақстанға тиімсіз. Біз демократиялық қоғамдағы президенттік басқару жүйесінің принциптеріне қайта оралуымыз керек. Конституция арқылы президент институтының биліктің үш тармағына үстемдік етуін шектеп, оның тек атқарушы билікке ғана жауапты функциясын бекіткенде, азаматтар президенттерді ашық әрі әділ сайлаулар арқылы тұрақты ауыстыра алғанда ғана іс жүзінде біз президенттік басқару жүйесінің «игілігін» көреміз.
Ол үшін демократияның ең басты инструменті саналатын сайлауды әділ өткізуді, азаматтардың сайлауға деген сенімін күшейтуді қолға алуымыз керек. Тарихқа қарасақ, Қазақстандағы бірде бір президент сайлауы демократиялық талаптарға сай өткен емес.

Кандидаттарды тіркеу болсын, сайлау нәтижесі болсын, сайлау науқаны болсын ешбір сайлау демократияға сай келмеген. Тіпті алғашқы екі президент сайлауы референдум түрінде өтті.
1991 жылғы «сайлауда» Н.Назарбаев жалғыз кандидат болып оны халық «сайлап» алғаннан кейін, мойындау керек, 1995 жылға дейін Н.Назарбаевқа халықтың қолдауы жоғары болды. Өйткені қоғамды тәуелсіздіктің, еркіндіктің эйфориясы кезіп жүрді, романтикалық кезең болды. Президентті азаматтардың қолдауы, көкке көтеруі Қазақстан совет өкіметінен бөлініп, Тәуелсіз ел болды деген халық сеніміне табан тіреп тұрды. Сондай-ақ билік сол кезде қоғамның ұлтшылдық эмоциялық көңіл-күйіне ыңғай бергендей саяси технологияларды пайдаланды. 1991-95 жылдар аралығында қоғам Назарбаевты ұлты лидері ретінде көрді.

Ал 1995 жылы Н. Назарбаетың президенттік мерзімін 2000 жылға дейін ұзарту жайлы референдумнан кейін, жаңа конституцияны қабылдағаннан кейін, 1998 жылғы конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Қазақстанда авторитаризм мықтап орнады деуге болады. 1998 жылы конституцияға өзгерістен кейін саяси қудалау басталды. Оны Н.Назарбаевтың Қажыгелдинмен қарым-қатынасы, Серікболсын Әбділдинге қатысты саясатынан көруге болады. Солайша абсолютті президенттік билік саяси жүйені авторитарлық режимге айналдырды. Одан кейін атышулы «Қазақгейт» болды, онан соң 2005, 2011, 2015 жылдардағы кезектен тыс президент сайлаулары өтті. Олардың бәрі де демократиядан алыс, оның талаптарына келмейтін жай есеп үшін өткізілген сайлаулар болды. Осының бәрі президенттік басқару жүйесін дискредитациялады.

Қазақстандағы 30 жылдық абсолютті билікті қолына шоғырландырған президент институты арқылы басқарудан алатын ең маңызды сабағымыз ол –ешбір мемлекетте, ешбір қоғамда бір адамның билігі еш уақытта жақсылыққа әкелмейді. Бұл – міндетті түрде биліктің узурпациясына, саяси монополияға, автократияға, адам құқығының тапталуына әкелетін, бүкіл елді артқа сүйрейтін жол.

Меніңше ойымша, биліктің соңғы екі заңға байланысты [митингілер мен бейбіт шерулер және сайлау, саяси партиялар туралы заң жобаларын айтып отыр. Ред] «өзгерістері» және оған дейін конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарап, билікке иелік етіп отырған азаматтардың елдегі саяси жүйеге эволюциялық жолмен өзгерістер жасауға деген талпынысын көріп отырған жоқпыз. Яғни, Қазақстанда саяси төңкеріс болатын болса, онда оған кінәлі биліктің өзі болады. Өйткені азаматтарды саяси құлға айналдырып, саяси құқықтарын шектеу арқылы билік өзгерістердің сондай жолмен болуына өзі итермелеуі мүмкін. Одан кейін тағы бір мәселені ескеруіміз керек. Қазір Қазақстанда осы режимнен шыққан, осы режимге жан-тәнімен берілген адам ғана Қазақстанда президент бола алады. Сайлау туралы заңның 54-бабына қарайтын болсақ, президентке кандидатқа қойылатын қосымша тағы бір талап бар. Ол – мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кем дегенде бес жыл еңбек тәжірбиесі болуы тиіс. Адам режимге қанша қарсы болса да мемлекеттік қызметте жүріп бес жылда оның адами құндылықтары өзгеруі мүмкін, тіпті билікке cіңісіп кетуі де мүмкін. Бұл – билік өзінің өнімін ғана, өз адамдарын ғана президент қылуға дайын деген сөз. Бұл да айналып келгенде, азаматтардың саяси құқықтарын шектеу. Сондықтан Қазақстанда саяси өзгеріс эволюциялық жолмен жүрмеуі мүмкін. Ол жолмен жүрмеуіне жалғыз кінәлі тарап ол – қазіргі саяси элита, бизнес элита, қазіргі авторитарлық жүйенің орнауына, күшеюіне еңбек еткен және оның ғұмырын ұзартуға талпынып жатқан бір топ азаматтардың шоғыры десек болады. Саясаттанушы ретінде менде осындай пессимист көзқарас бар.

Дайындаған – Өміржан Әбдіхалықұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.