Елден көшіп кеткендердің этникалық құрамы: орыстар – 132,7 мың адам (67,5%); немістер – 11,8 мың адам (5,9%); украиндар – 12,3 мың адам (6,2%); қазақтар – 7,8 мың адам (4%); татарлар – 4,5 мың адам (2,2%); басқалары – 27,8 мың адам (14,1%). Бұл туралы бірнеше сенат депутаттарының көші-қонға қатысты үкімет жолдаған сауалына берілген жауапта айтылады.
Үкімет депутаттардың Қазақстан азаматтығынан шыққан, ұлты қазақ азаматтар санының өсуіне қатысты сауалына берген жауабында: «Халықтың көшіп кетуінің негізгі себептері: тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу (РФ, Германия, Израиль, Польша); білім алу және кейіннен жұмысқа орналасу (РФ, АҚШ, Канада, Польша, Германия); өмір мен табыстың жоғары деңгейіне ұмтылу (АҚШ пен Еуроодақ); шет елден отандастарды қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының болуы (РФ, Польша, Израиль); көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін білім гранттарын бөлу (РФ) болып табылады» деген.
Үкіметтің дерегіне қарағанда, 2016 жылдан бастап 2020 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тұрғылықты тұруға 101 375 адам көшіп келді, оның ішінде этникалық қазақтар – 57 773 адамды құрайды. Олар көбінесе Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан және Қырғызстаннан көшіп келген.