Әділетті Қазақстанның мәні мен маңызы неде? Жаңа идеологиялық тұғырнама, соңғы өзгерістер, жаңа қоғамдық этика мәселелері туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған мақаласында кеңінен түсіндіріп береді.
Расында, Әділетті Қазақстанның мәні неде? «Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. «Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды» дейді Мемлекеттік кеңесші.
Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» – бір жағынан мемлекеттік идеологияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан болашақтың бет-бейнесі екенін айтады.
Мемлекеттік кеңесші мақалада: «Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды. Әділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қазақстан» ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды. Осы орайда, «әділдік» және «әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақтылай кеткен жөн. Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр» дегенді айтады.
Соңғы жылдары елді елең еткізген оқиғаның бірі – Ұлттық қордан балаларға қаражаттың бөлінуі. Яғни, халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітіліп, нәтижесінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама арқылы жүзеге асты. Оның алғашқы нәтижесі көріне бастады.
«Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге арналған. Президенттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мәні осында жатыр» дейді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік маңызы бар бес тұжырымдама
Мемлекеттік кеңесші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20109 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясатын бес тұжырымдамаға бөліп қарастырады. Оның алғашқысы – «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт». Бұл дегеніміз – азаматтардың бәрі әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқытар мен мүмкіндіктерге ие екенін білдіреді. Ал екінші тұжырым – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бұл «ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап беруге негізделген.
«Дегенмен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы азаматтардың күнделікті түйткілдерін шұғыл әрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қатысты басты мәселелер бойынша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғартады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын мысалы ретінде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін өткізілген референдумды айтуға болады» дегенді айтады Мемлекеттік кеңесші. «Заң және тәртіп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» ұғымы Мемлекет басшысы ұстанған негізгі қағиадалр.
Мемлекеттік кеңесші мақаласында: «Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз» екенін айтады.
Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елімізді одан әрі жан-жақты жаңғыртуға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді.
Мемлекеттік саясатта өзгеріс бар ма? Бар. Кез келген реформа қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс екенін негізге ала отырып, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келе жатқанына тоқталады.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші саяси реформалармен қатар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатқанын, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келе жатқанына тоқталады.
«Жүйелі әрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер етті. Ұстаздар мен дәрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады. Саяси мәдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес» деген ой айтады.
Жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет
Мемлекеттік кеңесші мақаласында 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілгеніне де тоқталды.
«Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық. Сондықтан Президент Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап берді. Бұл:
– Тәуелсіздік және отаншылдық;
– Бірлік пен ынтымақ;
– Әділдік және жауапкершілік;
– Заң мен тәртіп;
– Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
– Жасампаздық пен жаңашылдық» екенін айта отырып, . «Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек» екеніне тоқталады.
«Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек» екенін баса айтып отыр. Бүгінгі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да билік аса мән беріп отырған дүние екеніне мән береді. Өйткені Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады.
Ерлан Қарин баса айтқан дүниенің бірі – қоғамның ашықтығы, экономикалық реформалардың іске асуы, коммуникацияның жаңа түрлерінің қарқынды дамуы сияқты нақты себептерге байланысты сол қоғамның құрылымы үнемі өзгеріп отыратыны.
«Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы әртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалистер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар және центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға және құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет. Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді» дейді Мемлекеттік кеңесші.
«Ала жіпті аттама» дейді. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан моральдың бірі. Бүгінгі саясат та мұны берік ұстаны керегін айтады Ерлан қарин өз мақаласында. Елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн деп санайды.
«Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни «Redline» нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:
– этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне;
– дін саласына;
– сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет» екенін айтады.
Қоғамды елең еткізген мәселелердің бәрі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Күні кешегі алапат тасқын кезінде билік сырт қалған жоқ. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады.
«Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы әрі тиімді бола түсті. Бұл, әсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті әкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді. Мемлекет басшысы және Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы, Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн» дейді Мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Ал адам өмірін сақтау, қиын жағдайға душар болған азаматтарға қолдау көрсету – ең басты міндет. Бұл орайда да, халық жұмыла көтерген күш жеңіл екенін байқатты.
«Төтенше жағдай болған кезде билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып, қиын сәтте жедел әрі нақты шешім қабылдай алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттің басқа да көптеген міндеті бар. Билік құрылымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап елді мекендерді абаттандыруға дейінгі сан түрлі мәселемен қатар айналысып, күнделікті міндеттерінің бәрін үздіксіз атқара береді. Мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мәселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл тәжірибе Мемлекет басшысы айқындап берген, елімізді жан-жақты жаңғыртуға қатысты міндеттерді табысты орындауға септігін тигізері сөзсіз» дейді Ерлан Қарин.
Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау қажет. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның әр азаматының басты борышы. Мемлекеттік кеңесші мақаласында бұл мәселеге де баса мән береді.
Ол: «Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр. Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырысты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек» дейді.
Жалған ақпарат пен жат идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. «Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы» екенін айта отырып, біздің ішкі күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды және реформалар жүргізу мақсатын көздейтінін білдіреді.
Мемлекеттік кеңесші мақаласында: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын және ұлттық мүддесін бәрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мәселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дәріс оқып, біздің бүкіл әлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мәжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті. Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді» деген ой айтады.
Бұндай саясат жүргізу оңай емес екенін, бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ екеніне тоқталады.
Сол себепті де «қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды».
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024