ҚР Парламент Мәжілісі қос азаматтығы бар адамды мемлекеттік қызметтен босататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты төменгі палата депутаттары алдына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова таныстырды. Қос азаматтығы бар адамды қызметтен босату жеңіл жаза емес пе? Сондай-ақ ондай тұлғаның жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмей ме?
Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанның айтуынша, қос азаматтығы бар адамды қызметтен босату жеңіл жаза. Сондықтан да аталған заң талаптарын бұзған адамды қызмет тұрмақ, азаматтықтан айыру керек.
«Мысалы үшін Еуропа елдерінің кейбірінде қос азаматтық алу қылмыс емес. Мәселен БҰҰ аталған мәселеге байланысты халықаралық деңгейдегі ешқандай қаулы-қарарлары жоқ. Ал біздің елде қос азаматтық алуға заңмен тыйым салынған.
Егер қос азаматтық анықталған жағдайда, автоматты түрде азаматтықтан шығару керек. Ондай жағдайда ол онызда жұмыстан шығады. Ендеше мұндай заңды шығарудың қажеті қанша? Азаматтық заңға сәйкес, қос азаматтыққа тыйым салынып, егер заң бұзылған жағдайда азаматтықтан шығарып жіберу көзделген. Сондықтан да мәжілісте мұндай заң жобасының талқыланып жатқаны ақылға сыйымсыз жағдай. Бірақ ол үшін қылмыстық іс қозғай алмаймыз. Әйтсе де азаматтықтан шығарудың өзі жеткілікті. Іс жүзінде азаматтықтан шығару осы кезге дейін жұмыс жасамай келе жатыр», – дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, қос азаматтықты Ресейдің азаматтары көп алады. Өйткені олар қос елден әлеуметтік көмек алып, қаржы тауып отыр. Міне осы кедергіні қалай жоюға болады?
«Менің ойымша, азаматтықтан шығару әлдеқайда маңызды және ол норма заңда бар еді. Қос азаматтығы бар адамдар анықталғанымен заң нақты жұмыс істемеді. Әсіресе Ресей Федерациясының азаматтығын алған адамдар өте көп. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 облысымен көршілес болғандықтан біздің елден де, көрші елден де зейнетақы алып жүрген адамдар жетерлік. Ресей азаматтығын алып Ресейден, Қазақстан азаматтығын алып Қазақстаннан зейнетақы алады. Сондықтан да бұларды батыл түрде азаматтықтан шығарып, Қазақстан азаматтары алатын барлық игіліктерден айыру керек. Бір сөзбен айтқанда, бұрыннан бар норманы жұмыс жасату керек», – дейді адвокат.
Қос азаматтығы бар адамның мемлекеттік қызметте жұмыс істегені ұлттық қауіпсіздікке қаншалықты қатер?
Бұл ретте құқық қорғаушы Ресейге жұмыс істеген Бағлан Майлыбаевтың ісін еске алды.
«Мемлекеттік қызмет дегеніміз не? Ол жерде жоқ дегенде қызметтік пайдаланудағы құжаттар жүреді. Қажет болса кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік құпияға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызмет өз алдына, мемлекеттік құпия болатын құжаттарды көріп, таныса алады. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы жағдайды көп адам ұмыта бастады. Бағлан Майлыбаевқа қатысты іс қозғалған кезде, ол Николай Галихинмен бірге Ресейге, нақтырақ айтсам Кремльге жұмыс істегені үшін істі болды. Екеуі идеология саласына жауапты болып, Елбасының оң қолы болып отырып Кремльге жұмыс жасаған. Бір адам емес, екі адам емес, ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған адам көрші мемлекеттің сыртқы барлау қызметіне жұмыс жасайтын болса, онда ол сұмдық емес пе? Қазақстанның бүкіл саясатын ішінен, сыртынан көріп, онсызда құпияға салақ болып отырғанда одан сайын ішкі құпиямызды ашып отырмыз. Сондықтан бұл мемлекетке өте-мөте қауіпті нәрсе. Бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін фактор. Ондай адамды бірден азаматтықтан шығарып, ҚР азаматтары қолданылатын барлық жеңілдіктерден айыру керек. Бұл туралы норма бар. Тек ол жұмыс жасауы керек», – деді құқық қорғаушы.
Абзал Құспан қос азаматтықты Ресейдің Қазақстандағы Елшілігі әдейі беріп отыр ма деп күдіктенеді. Өйткені Қазақстанның азаматтығынан шыққандығы туралы құжатсыз азаматтық берілмейді. Алайда Ресей Қазақстан заңының осындай талабы бола тұра, әдейі азаматтық беріп жатқан тәрізді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ, arasha.kz
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
23.12.2024