19-03-25 |
1850 рет қаралған
«Қысқа кезеңде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді».
«Қысқа кезеңде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді»

Бүгін мәжілістің жалпы отырысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімінің 6 жылдығына арналды. Отырыс «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» деген атпен өтті.

Жалпы отырыста депутаттар 6 жылда жасалған реформалар мен өзгерістер жайында сөз сөйледі.

Ерлан Саиров:

Үкімет пен Парламенттің арасында тепе-теңдік пайда болып, аймақтардағы мәслихаттардың рөлі мен орны артты. Саяси реформалар еліміздегі қоғамдық-саяси процесске азаматтардың араласуына жол ашты.

Жұлдыз Сүлейменова:

2024 жыл – еліміз үшін әйел құқықтарын қорғау бағытында маңызды өзгерістер әкелген тарихи жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси шешімдері және тиімді реформаларының аясында әйелдердің экономикалық, саяси және әлеуметтік мүмкіндіктері жыл санап кеңеюде. Соңғы 3 жылда БҰҰ Даму Бағдарламасының Гендерлік әлеуметтік нормалар индексіне сәйкес, еліміз 18 позицияға көтеріліп, әйелдердің білім, экономика және саяси қатысудағы гендерлік алшақтықты азайтуда әлемдік аренада өз орнымызды нықтай түстік.

Үнзила Шапақ:

Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған түбегейлі саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған болатын.  Бұл Конституцияға өміршең серпін беріп, либерал-демократиялық құндылықтардың елімізге дендеп енуіне, дамудың жаңа белесіне көтерілуге негіз болды. Соның ішінде, айрықша, шоқтығы биік өзгерістің бірі – Конституциялық соттың жаңадан құрылуы дер едім. Өйткені бұл – заң мен тәртіптің, адам құқығының сақталуына серпін беретін бірден-бір пәрменді тетік.

Қазыбек Иса: «Ұлттық дамудың негізі – ұлттық идеологияда»

Елімізді жаңа дәуірге бастаған іргелі өзгерістер, салиқалы саяси реформа мемлекеттің іргесін бекемдеп, қарқынды  дамуы үшін ең алдымен бірегей ұлтқа бастайтын бірлік, ырысқа жеткізетін ынтымақ керек. Тәуелсіздіктің Көк туы көкте мәңгі желбірей беруі үшін бәріміз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз, – деді Қ.Иса.

Асхат Аймағамбетов:

Осыдан алты жыл бұрын егер біреу мұғалімдердің жалақысы екі-үш есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, қарапайым жұмысшы мамандық иелері Ақордадан мемлекеттік марапаттарға ие болады, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды сөз етті деп сөгер еді. Бірақ заман өзгерді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттарды көрсетіп қана қойған жоқ, оған апаратын нақты жолды салып, іске асырды, – деді А.Аймағамбетов.

Ермұрат Бапи:

Елдегі «өзгерістердің үш жылдығы» дегенде Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру үшін жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген президенттік уәдесі ғана емес, ең басты перзенттік парызы деп түсіну керек, – деді Е.Бапи.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.