arasha.kz

Расул Жұмалы: «Нұр Отаннан» популизмді жалаулатқан бос уәделерді табу қиын

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

– Бүгін жария етілген Нұр-Отан партиясының сайлауалды міндеттемелері жайлы не айтуға болады? Жалаң сыншылдыққа салынбай ұсынылған Бағдарламамен мұқият танысар болсақ, ойға бірінші ретте келетіні – оның прагматиканы яғни шынайы қолжетімді болуды алға тартқаны. Олай деудің себебі құжаттың кез-келген тарауында популизмді жалаулатқан бос уәделерді табу қиын. Әрбір дерлік міндет егжей-тегжейлі есептеліп нақты сандық және мерзімдік өлшемдермен, заңнамалық алғышарттармен толықтырылған. Бағдарлама бойында ең негізгі басымдық – Адам, оның өмірі мен игілігі. Онысы түсінікті де. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Миллиондаған азамат денсаулық сақтау мен күнкөріс қамынан бастап балаларының сапалы білім алуына қатысты ауыртпалықтарды сезінуде. Әлеуметтік жағдайы онсыз да мүшкіл жандар өз алдына көмекке зәру. Бұл кезек күттірмейтін істер мемлекеттің тікелей араласуынсыз шешілмесі анық. Алайда Бағдарлама тек дағдарыстан аман шығудың амалы ғана емес, алдағы кезеңдегі дамудың да жоспары болып табылады. Бұл жерде жаңа әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіптердің ашылуы, орта және шағын бизнес пен ауыл шаруашылығын, озық технологияларға негізделген экономика салаларын ынталандыру секілді тетіктер мен шаралар көзделген. Өз кезегінде бұл дегеніміз жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктердің пайда болуы, ал түптеп келгенді өмір сапасының артуы. Алдымыздағы бес жылда аталған мақсаттарға 21 триллион тенге бөлінбек. Олай болса ерекше маңызға ие мәселе – осы қыруар қаржының оңтайлы іске асуын қоғам өз қолына алуы керек. Ондай мүмкіндікті Бағдарламаның мейлінше нақты да айқын болуымен қатар билеуші партияның іштей жаңаруы береді. Екінші жағынан азаматтық қоғамның белсендігін арттыруға жол ашқан саяси реформалар елдегі өркениетті өзгерістерге деген алғышарттар жасақтайды.

Exit mobile version