Осыдан дәл бір жыл бұрын елдегі ауқымды саяси өзгерістердің өзегі саналған жалпыхалықтық рефендум өткені жұрт жадында. Әсілінде талай өзгерістің ізашары саналған бұл саяси оқиғаны ұмытуды мүмкін еместей. Саясаткерлер, заңгерлер тұс-тұстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформа Әділетті Қазақстанды құруға негіз болатынын айтқан-ды. Арада өткен бір жыл ішінде халық қолдап, дауыс берген өзгерістерді сезініп үлгерді. Әйтсе де кезең-кезеңмен жүзеге асатын реформалардың жаңалығы мол болмақ.
Ақордадан басталып, ауыл-аймаққа жеткен бұл жаңашылдықтың лебі қоғам өміріне серпіліс әкелгені анық. Бастысы бұл референдум әділ саяси бәсеке мен заңның үстемдігіне негіз болғандай. Иә дауыс беру құқығына ие 8 миллионға жуық отандасымыз қатысып, олардың 77,1 пайызы өзгерістерді қолдайтынын растады. Референдум нәтижесі ресми жарияланған сәттен оның құқықтық негізін түзуге көп көңіл бөлінді. Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіліп, 2022 жылдың соңына дейін Парламентте 20-дан астам заң қабылданды.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға Президент 2022 жылдың 5 қарашасында жария түрде қол қойды. Бұл заң нормалары билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырып, азаматтардың мемлекет басқару ісіне белсене араласудың тетігі ретінде қарастырылды. Сарапшылардың өзі Конституцияның үштен бір бөлігін өзгертудің түпкі мақсаты адам құқықтары мен бостандықтарына кепіл бергенін мойындады.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, референдумның алғашқы жылынан түпкілікті нәтиже байқала қоймайды. Мәжіліс спикері көпшілік күткен демократиялық жүйені орнату үшін уақыт қажет екенін айтады.
«Ең бастысы, азаматтардың еліміздегі қоғамдық-саяси өмірге араласу мүмкіндігін шын мәнінде кеңейтетін, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтетін негіз қаланды. Мемлекет басшысының реформалары бізді біріктірді және өзгерте алды деп сеніммен айтуға болады.
Қоғам елдің саяси өміріне араласа бастады. Халықтың болашаққа деген сенімі, байқалады», дейді Ерлан Жақанұлы.
Жалпы референдум алдында сарапшылар мен қарапайым азаматтар түрлі мінберде демократиялық реформалардың қажеттілігін жан-жақты талқылады. Бұл басқосулардың қай-қайсысында болмасын ел басқару ісіне халықтың өзі араласу керек деген пікір ашық айтылып жатты. Әрі солай болды да…
Референдумның алғашқы нәтижелеріне қазақстандықтар жыл басындағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі депутаттар сайлауында көз жеткізді. Әуелі Президенттің партия басшылығынан және мүшелігінен бас тартуы осы жолғы сайлаудағы әділ бәсеге жол ашты. Мәжілістің 6 бірдей партия мүшелерінен жасақталуы соның айқын көрінісі деуге болады. Ал бұл фактор осыған дейін айтылатын «билеуші» партия ұғымының мәнін жоғалтты. Одан соң Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы мандатына мажоритарлық жүйе арқылы ие болды. Яғни азаматтар бұрынғыдай партияға ғана дауыс бермей лайықты кандидаттарға жеке таңдау жасады. Олар сайлаушылардың сенімін ақтай алмаса кері қайтарып алу механизмі де қарастырылды.
Президент Жарлығымен құрылған Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, белгілі заңгер Унзила Шапақ бұл механизмнің іске асырылатынына алғашында күмәнмен қарағанын жасырмайды. Дегенмен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар жасақталған екінші айдың өзінде көпшілік депутаттық мандаттың ешкімге мәңгілікке берілмейтінін байқап үлгерді.
«Сайлаушыларына артқан сенімнің үдесінен шыға алмаған депутатты кері қайтарып алудың үлгісін біз Алматы қалалық мәслихатының депутатымен болған жағдайда көрдік. Шынын айтқанда заңгер ретінде мен осы механизмге анау айтарлықтай сене қоймаған едім. Бірақ біз ғана уақыттың ішінде реформалардың нәтижесін байқап жатырмыз» , дейді заңгер.
Оның пікірінше референдумның нәтижесі Парламент Мәжіліс мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қарасаңында анық байқалған.
«Сайлау процесіне келсек, бұрын бәріміз үйренген жалғыз партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары ғана жарқырап көзге түсетін. Ал осы осы жолы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына барлық 7 партия белсене қатысты. Партия мүшелері бұрын-соңды болмаған әр ауылға жетті. Ең бастысы партиялар арасында Мәжіліс пен бірге мәслихат депутаттығына да талас жүріп жатты.
Жалпы бұл өзгерістердің көбі Конституциялық референдумнан кейінгі қыруар заң шығарушылық жұмыстардан басталды. Барлық өзгеріске «Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң негіз болды. Осы заңны аясында бас-аяғы 51 заңға, 15 кодекске өзгерістер енгізілді. Бұл референдумға ұсынылған әрбір бағыттың толыққанды іске асырылудың қадамы ретінде қабылдануы керек», дейді У.Шапақ.
Жасыратыны жоқ 1 жыл бұрынғы жалпыхалықтық референдум Қазақстан қоғамы үшін тарихи оқиға болды. Қазақстандықтар Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызында жарияланған Жолдауында айтылған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасына сеніп артып, оны қолдайтынын байқатты. Саяси өзгерістерден бұрын осы өзгерістерді жалпыхалықтық референдумға салудың өзі биліктің бұқараның шешуші рөлге иек артқанын көрсетті.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024