Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ елшісінің орынбасары Роберт Вуд америкалық деректерге сәйкес, Ресей Украинаға қарсы Солтүстік Кореяда жасалған кем дегенде тоғыз зымыранды қолданып үлгергенін айтты.
«Ресей мен КХДР БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелерді бұзатын әрекеттері үшін жауап беруі керек», – деді Вуд.
Пхеньян Мәскеуді оқ-дәрімен қамтамасыз етеді дегенді Ресей мен Солтүстік Корея жоққа шығарады. Бұл туралы шағымдар алғашында Батыс елдерінен келген, бірақ кейінірек Украина билігі Солтүстік Кореядан шыққан оқ-дәрілердің сынықтарын тапқанын растады – алдымен артиллериялық снарядтардан, ал жақында Харьковқа атылған баллистикалық зымырандардан.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Ресейдің талабы бойынша шақырылған. Ресей елшісі Василий Небензя Белгород облысында Ил-76 ұшағын құлатуға АҚШ-ты «тікелей сыбайлас» деп атаған. Ресей билігі ұшақта Украина жағымен алмасу үшін әскери тұтқындар болған деп мәлімдеген болатын. Киев мұны растамады және әзірге тәуелсіз растау пайда болған жоқ.
Сондай-ақ Мәскеу тіпті президент Путиннің аузымен ұшақ америкалық Patriot жүйесі арқылы атып түсірілді деп мәлімдейді. Киевте мұндай жүйелер мен олардың оқ-дәрілерінің шектеулі саны бар.
Вуд Америка Құрама Штаттары оқиғалардың ресейлік нұсқасын тексере алмайтынын, бірақ барлық бейбіт тұрғындардың өліміне өкінетінін айтты. «Ресей бұл соғыстағы жалғыз агрессор және бүгінгі күні соғысты аяқтай алатын жалғыз ел екенін түсіндірейін», – деп қосты ол.