arasha.kz

Ресейдің күмәнді вакцинасын Қазақстан сатып алмақшы

Қазақстан билігі Ресейдің «Спутник V» деп аталатын коронавирусқа қарсы вакцинасын алатын болды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта: «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры мен «СҚ-Фармация» арасында «Спутник V» вакцинасының кепілдік берілген көлемін сынақтардың барлық сатыларынан өткеннен кейін бөлу туралы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан үшін қажетті көлемді Н.Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жүргізуге дайын. Бұл ретте, қауіп тобына кіретін қазақстандықтар үшін иммундау тегін және ерікті негізде жүргізіледі және вакцина барлық клиникалық сынақтардан өткеннен кейін ғана мүмкін болады» делінген.

Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Бағасы, көлемі, жеткізу уақыты алғашқы партия дайын болғаннан кейін шешіледі» деді.

Осылайша, Қазақстан Ресейдің күмәнді вакцинасын алатын болды. Күмәнді болатын себебі, Батыс елдері толық сынақтан өтпеген Ресей вакцинасына күмәнданған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да Ресей вакцинасына қатысты «қауіпсіздігі мен әсер етуіне өте нақты әрі дәл сынақ жасалуы тиіс» деп ескерткен еді.

Бірақ Ресей президенті Путин 11 тамызда әлемге жар салып, Ресей вакцинасы туралы айтып, тіпті өзінің қызы да вакцина алғанын айтқан.

Енді Ресей өз ықпалындағы Қазақстан секілді елдерге толық сынақтан өтпеген вакцинасын сатуды бастап жіберді. Қазақстан билігі неге Ресей вакцинасын таңдағанын, не себепті асығыс шешім қабылдағанына ресми түсініктеме берген жоқ.

Айтпақшы, Қазақстан ғалымдары да коронавирусқа қатысты вакцина дайындап жатыр.

Exit mobile version