Біз
әлеуметтік
желіде
18-04-25 |
1150 рет қаралған
Ресей Солтүстік Қазақстанға көз тікті ме? 3 жылға кешіккен Лавровтың жауабының астарында не бар?.
Ресей Солтүстік Қазақстанға көз тікті ме? 3 жылға кешіккен Лавровтың жауабының астарында не бар?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 жыл бұрын Петерборда өткен форумда БҰҰ жарғысын еске ала отырып, Қазақстанның Луганск пен Донецк квазимемлекеттік құрылымдарын мойындамайтынын жеткізген еді. Жақында «Коммерсантъ» басылымына сұхбат берген Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Тоқаевтың сөзімен келіспейтінін мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, 3 жылға кешіккен жауап кезінде Кремльдің Ақордаға тісін қайрап қалғанымен байланысты болуы мүмкін. Бір жағынан, бұл Украинаның территориялық тұтаcтығына нұқсан келтіретін мәселе болса, екінші жағынан Ресейдің Қазақстанның солтүстігіне көз тіккенін аңғарта ма? Орталық Азия сарапшылары не дейді?  

Естеріңізге салсақ, айтулы экономикалық форумда мемлекет басшысы БҰҰ Жарғысының халықаралық құқық болып саналатынын баса айтып, ондағы екі бірдей қағидаттың, яғни халықтардың өз тағдырын, болашағын анықтау құқы мен мемлекеттік аумақтық тұтастығы ұғымдарының қайшылыққа тап болғанын жеткізген еді. Бұл тұста Тоқаев:

— Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаушылар бұл нәрсені ескермеген, тіпті екеуін әдейі біріктірген шығар. Екі қағидат бір-біріне қайшы келіп тұрса, онда әртүрлі түсінік береді. Кейбіреулер үшін мемлекеттің тұтастығы қасиетті ұғым, ал басқалар белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халықтың өз елін, мемлекетін құруға құқығы бар және өз қалауымен бөлінуі мүмкін деп санайды. Егер әр халықтың таңдағаны болса, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, 500, тіпті 600 ел болар еді. Әрине, бұдан хаос болады. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл қағидатты Луганск пен Донецк сияқты квазимемлеттік құрылымдарға да қолданамыз» – деген еді. Президенттің бұл сөзі үш жыл бұрын тек ел аумағында ғана емес, шетелде, оның ішінде Ресейде қатты талқыланды. Әсіресе пропагандалық БАҚ-тары шулап қала берді. Ал дума депутаты К.Затулин «Тоқаев Путиннің көзінше пікірін ашық айтты, бірақ бұл, қателік болды. Қасында отырған президентке сұс көрсеткендей болды ғой» деген еді. Шын мәнінде, ол кезде Орталық Азия елдері мен алыс шетел БАҚ-тары мен сарапшылары қазақтың ресми позициясын қолдап кетті.

Белгілі құқықтанушы, тарихшы Руслан Түсіпбеков:

— Халықаралық құқық саласында 1945 жылы бекіткен 10 қағида бар. Он қағиданың екеуі қазір аса маңызды боп тұр. Әлемдік саясатта бұл екі қағидат бірбіріне қайшы келетін кездер де болады. Біріншісі – мемлекеттік, аумақтық тұтастықты және шекаралық мызғымастықты құрметтеу қағидасы. Екіншісі халықтардың өз-өзін билеу және болашақ айқындығын және тарихи даму жолын таңдау қағидасы. Біздің президенттің айтып отырғаны дұрыс. Ол бірінші қағидатқа, яғни біртұтастыққа басымдық беріп отыр. Бұл басты қағидат! Ал Лавров «бұл ең басты қағидат емес, екінші қағидат маңыздырақ» деп отыр. Яғни, «халықтардың өз жолын таңдау, өзін-өзі билеу қағидасы маңызды ғой, сол үшін Тоқаевпен келіспеймін» дейді. Бірақ Лавровтың, жалпы орыстың, Ресейдің айтып отырғаны таза екіжүзділік, себебі олар мұнымен әдейі Украинаға тиісіп отыр. Украинаны бөлшектеп, бөліп алып, өз құрамына қосқысы келеді. Олар 2014 жылы Қырымды жаулап алды, міне одан бері 11 жыл өтіп кетті. Сонда 11 жыл бойы айтып отырғандары сол екінші қағидатқа сүйеніп отырғандары ғой, яғни халықтар өзін-өзі билеу және тарихи даму жолын таңдау құқы. Қырымда референдум де өткізді, бірақ ол жалған референдум болды, — дейді.

Сарапшы Руслан Түсіпбековтың ойынша, бұл жерде саяси екіжүзділік те анық байқалады. Себебі Қазақстан унитарлы мемлекет болса, Ресей федеративті мемлекет. Яғни, Қазақстан жағдайында елімізде тұратын диаспоралардың сыртта өз ата-баба жерлері болса, Ресейде тұратын халықтардың басым бөлігі өздерінің байырғы жерлерінде тұрады.

— Бұл жерде екіжүзділік неде? Қазір Ресейдің өзінде 85 субьекті бар. Әрине көптеген субьектілерде көбіне орыстардың өздері тұрады, бірақ сол субьектілердің ішінде 22 ұлттық автономия бар. Мәселен, Шешенстан, Ингушетия, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Кабардино-Балқария сияқты 22 ұлттық автономия бар. Лавров қолдап отырған қағидатқа сүйенсек, сол 22 ұлттық автономияның референдум өткізу құқығы бар ғой. Олардың Ресейден бөлініп, тәуелсіз мемлекет құру құқы бар. Ал Лавров болсын, Путин болсын, бұларға келген кезде үндемей қалады. Бұл әрине саяси екіжүзділік. Кезінде Шешенстанды не істеді? Шешенстан осы қағидат бойынша тәуелсіздік алам деді ғой, тіпті, 1994 жылы президент Дудаев тірі кезінде референдум да өткізді. Сол кезде шешендердің 99 пайызы «Шешенстан тәуелсіз ел болсын» деп бірауыздан қолдап дауыс берді ғой. Бұл заңды, легитимді ме? Әрине, халықаралық құқық тұрғысынан мұның барлығы заңды болды. Бірақ орыстар оның бәрін жоққа шығарып, 1995 жылы және 1999 жылы екі соғыс ұйымдастырды. Соның кесірінен 500 мыңға жуық шешен халқын қырып тастады. Оның көбісі әйелдер мен кәмелет жасына толмаған балалар еді. Халықты геноцидке ұшыратты. Ал жоғарыдағы қағидатқа сүйеніп, неге Шешенстан, не Татарстанда тағы референдум өткізбеске? – дейді, сарапшы.  

Айтпақшы, Бірінші чешен соғысында Қазақстан Ресейдің территориялық тұтастығын қолдаған еді. Енді Лавров ұсынған қағидатқа сүйенсек, көрші елдің «территориялық біртұтастығынан гөрі ұлттардың дербес ел болуын» қолдау маңызды ма?  

Құқықтанушы Лавровтың мәлімдемесін таза провокация, арандату деп санайды. Бәлкім, өткенде екі тарап кездескенде келіспеушіліктер болған шығар деп болжайды. Бұл тұста сарапшы солтүстікке көштің саябырсып отырғанын да үлкен мәселе деп отыр. Себебі «Бос жатқан жер жау шақырады» деп тектен-текке айтылмайды.  

Бұл жерде көші-қон мәселесі қиын. Аймақтарымызды игеру мәселесі дұрыс жүрмей жатыр. Еліміздің солтүстігінде неге адам аз екені бәріне түсінікті. Өйткені ол жақтан орыстар кетіп жатыр. Бұл көш 1991 жылдан басталды. Ал біз сол жерлерді игере алмай отырмыз. Көші-қон саясаты шеңберінде қандастарымызды да көшіріп алдық. Бүгінгі таңда елімізге 1 млн 200 мыңдай қандас келіпті. Әрине олардың көбі оңтүстік өңірлерде, Алматы, Алматы облысы, Шымкент пен Астанаға шоғырланды. Сол қандастарды солтүстікке тартсақ, жақсы болар еді. Бізде сол аймақтарды игеру проблемасы шешілмей тұр, — дейді.

Жақында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлысмедиа тілшісіне Петропавлдың атауын Қызылжар деп өзгертуге байланысты өз пікірін орысша жеткізген еді. Оның айтуынша, «адамдардың белгілі бір қала, ауыл атауларын өзгертуге байланысты ұсыныс тастауы қалыпты процесс. Бірақ халықты бұдан бөлек мәселелер, жылу, электр энергиясы, тағысын тағы түйткілдер көбірек толғандырады» екен. Павлодар мен Петропавл атауларын өзгертуді түрлі ұлттық ұйымдар мен жастар қозғалыстары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көтеріп келеді. Бірақ қазірше билік бұл мәселені жылы жауып отыр.

Лавровтың сөзін көрші елдердің сарапшылары да талқылап жатыр. Мәселен, жақында Әзірбайжанның Minval Politika сайтының сарапшысы Нұрани «Келесі Солтүстік Қазақстан ба?» деген сараптамалық мақала жариялады. Оның пайымынша, Ресейге Қазақстанның Түркиямен, басқа да елдермен әскери ынтымақтастық орнатқаны ұнамайды. Тіпті, «Омбы әкімшілігінің Қазақстанның бас консулдығының бастамасымен «ашаршылық құрбандарын еске алып, геноцид» туралы деректі тарихи фильм көрсетуге тыйым салуынан бастап, Лавровтың мәлімдемесінен Мәскеудің қаншалықты мазасызданып отырғанын сезуге болады» деп топшылайды басылым.  

Әзірбайжан сарапшысы: «Мәскеудің Қазақстанның ҰҚШҰ мен ЕАЭО мүшесі бола тұра Украина жеріне қатысты Ресейдің талаптарын қолдаудан бас тартқанына ашулы деп айтуға оңай. Алайда шын мәнінде Лавров пен Тоқаев арасындағы сырттай келіспеушіліктің артында мүлде басқа мәселе – Солтүстік Қазақстан тұр. Бұл туралы ашық айтқанды ешкім ұната бермейді, бірақ «бейресми түрде» Мәскеу Солтүстік Қазақстанға қатысты талаптарын тоқсаныншы жылдардан бастап білдіре бастаған, яғни Қырым мәселесі қозғала бастаған уақытпен шамалас кезең ғой бұл. Бүгінде Қазақстан Ресейден «сыйлыққа» біраз аумақ алды деген әңгімені Мәскеуде әртүрлі деңгейдегі адамдар, атап айтсақ, Тина Канделакидей медиа тұлғалардан бастап Вячеслав Молотовтың немересі Вячеслав Никоновқа дейін айтып жүр. Алайда шындыққа келсек, қазіргі Ресей құрамында Қазақстан тарихи өз жерлеріміз деп санауға толық құқылы көптеген аумақтар бар, соның ішінде Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынбор қаласымен бірге Орынбор облысы да бар, — деп ойын түйіндейді. Бұл тұрғыдан айтулы сайт ресейлік блогерлердің сөзін мысалға келтіріп: «Қазақстанмен соғысу идеясы есі дұрыс ой емес. Қазақстан бұл үлкен дала, қыратты жерлер мен таулар… Мұндай алып территорияны бақылауда ұстаймын деу кремльшілдердің өздерінің басын «қайнатып» жіберетін күдікті ой», деп бітіреді.   

Не істемек керек? «Сақтықта қорлық жоқ», демекші, — бұл тұрғыдан Қазақстанға әскери әлеуетті көтеруден бөлек, ақпараттық-идеологиялық қауіпсіздікті қолға алып, ресейлік ақпараттық экспансияға тосқауыл қою керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Фото: REUTERS

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.