arasha.kz

Саида Мирзиёеваның тағдырын ойлағанда…

Өзбекстан президентінің бірінші көмекшісі әрі үлкен қызы Саида Мирзиёева Астанаға келіп, іс-сапармен жүр.

Саида Шавкатқызы ә дегенде президент Қ.Тоқаевпен кездесті. Сосын Zakovat Asian Cup халықаралық ойындарына қатысып сөз сөйледі, өзбек командасының жеңісін көрді. Тағы бірқатар ресми кездесулер өткізді.

Саида Мирзиёеваның Астанадағы мұндай жоғарғы ресми жүрісінің басты себебі, Өзбекстанның басқару жүйесінің ерекшелігіне қарай, Саида Мирзиёева әкесі – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтен кейінгі екінші адам саналады. Саида Шавкатқызы саясатқа 2019 жылдан бастап араласты. Ал әкесі Шавкат Мирзиёев 2016 жылы сайлауда жеңіп, президент атанды. Араға үш жыл салыа саясат сахнасына Саида Мирзиёева шықты. Есіңізге ешкім түспей ме?..

Авторитарлық елдерге ортақ бір трагедия бар. Ол – отбасын үлкен саясатқа араластыру. Мәселен, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүльнара Каримова да әкесі ел басқарған тұста саясатқа араласты, кейін дүниені жалпағынан басты. Қазір Гульнара Каримова түрмеде. 2016 жылы әкесі Ислам Каримов қайтыс болған соң, шартты жазамен жүрген Гульнара Каримоваға жаңа билік жаңа айып тағып, қамауға алды. 2019 жылы тағы да жаңа айыптар тағылды. Кезінде ен байлыққа белшесінен батқан, дүниенің небір жұлдыздарымен бірге ойнап-күлген Гульнара Каримованың тағдыры әлгіндей.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы – Дариға Назарбаева да әкесі билік құрған тұста саясатқа араласып, сенат төрайымы болды. Бұл қызмет Қазақстандағы басқару жүйесі бойынша президенттен кейінгі екінші адам болып саналады. Дариға Нұрсұлтанқызы да әкесі билікте болған кезеңде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, байлыққа шомылып жүрді. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев әулеті биліктен шеттетілген соң, Дариға Назарбаева да көзден кетті. Содан бері одан тырс еткен хабар жоқ.

Үш президенттің үш үлкен қыздары… Екеуінің тағдыры мәлім. Үшіншісі жарқырап, үлкен саясатта жүр. Мүмкін тарих қайталанбайтын болар…

Exit mobile version