Белгілі қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев Ақордадағы соңғы кадрлық тағайындауларға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Ақордада Қорғаныс министрі қызметіне Даурен Қосановтың, ал Президенттің кеңесшісі қызметіне Әсел Жанасованың тағайындалғаны хабарланған болатын.
«Менің ойымша, бұл – жоспарлы ротацияның уақыты келгенін білдіреді. Жақын арада күштік құрылымдарда алқалар өтеді. Сол шараларға орай жаңа министрге нақты міндеттер жүктеу үшін жаңа тағайындаулар жасалып жатыр деп есептеймін. Жаңа министр — кәсіби әскери маман, бұған дейін Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болған. Бұл — жақсы белгі. Себебі қазіргі таңда жаңа технологиялар мен жаңа қару түрлерінің, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының маңызы артты. Ал олар көбінесе әуе күштерінің құзыретіне жатады», — деді Қалиев.
Оның айтуынша, Әсел Жанасова үшін бұл тағайындау — мансаптық өсу көрсеткіші.
«Бұл — жақсы көрсеткіш. Прогрессивті кадр, мемлекеттік Қазпоштаны басқарған. Президенттің инновацияларға ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдерді енгізуге ниетті екені анық», — деп қосты саясаттанушы.
Сондай-ақ, Қалиев Руслан Жақсылықовқа қатысты алдағы жоспарлардың әзірге белгісіз екенін айтты. Ал Марат Қарабаевтың Көлік министрі қызметінен босатылуы — күтілген жағдай екенін растады.
«Бұл шешімге негіз болатын маңызды себептер бар шығар», — деп түйіндеді саясаттанушы.