07-03-23 |
1940 рет қаралған
Саяси реформалар және референдум.
Саяси реформалар және референдум

Былтыр елімізде бірқатар саяси реформалар қолға алынып, рет-ретімен жүзеге асып келеді. Мұның бастапқы қадамы – референдум өткізіп, Конституцияға өзгеріс енгізуден нақ көрінді. Себебі, демократияны, әділдікті, жаңашылдықты қалаған мемлекеттің негізгі бағыты –  дамудың жаңа сатысына көшу.

Осылайша, 7 млн 985 мың 769 адам, яғни халықтың 68 пайызы референдумға қатысып, Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдады. Бұл таңдау суперпрезиденттік үлгіден бас тартып, жаңа реформа бетбұрысына бағыттады. Референдумда бас-аяғы 30-дан ас­там өзгеріс енгізіліп, атап айтқанда президент саяси партиялар қатарына кірмейді, оның туыстары билік тармақтарында жетекшілік қызмет атқармайды. Парламент палатасының қызмет аясы кеңіп, облыс әкімдерін сайлау өтеді. Осы сияқты 36 бапқа  50-ден астам өзгеріс енгізілді.

Іле-шала кезектен тыс президент сайлауы өтетіні анықталды. Сол  кезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл сайлау – саяси реформалардың заңды жалғасы. Қоғамның талабы бойынша саяси реформамен қоса, институттар да жаңаруы керек. Биыл күзде президент сайлауы, келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс сайлауы болады өтеді. Сосын Үкімет жаңарады немесе қайта жасақталады. Бұл – саяси ашықтықтың, мәдениеттің үлгісі» деген болатын. Жоспарға сәйкес, Конституцияның 91-бабы бойынша президентті 7 жыл мерзімге сайлап алдық.

 

Кезектен тыс өткен президент сайлауы

Сонымен, сайлау 20-қарашаға белгіленіп, оған 7 кандидат тіркелді. Қ.Тоқаев халықтық коалиция атынан ұсынылды. «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан – Мейрам Қажыкен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – Нұрлан Әуесбаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсынан» Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова үміткер ретінде ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясының нәтижесі бойынша, Қ.Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап, қайта президент болып сайланды.

Ал қалған кандидаттар Қарақат Әбден – 2,6%, Нұрлан Әуесбаев – 2,22%

Жигули Дайрабаев – 3,42%, Мейрам Қажыкен – 2,53%, Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% дауыс жинады.

 

6 партия өкілі Парламентке өтті

Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау күні 19 наурызға белгіленді. ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес, мәслихат депутаттарын Парламенті мәжілісі депутаттарының сайлауымен бірге өткізу ұсынылды. 20 наурызда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын жариялап, 5 пайыздан көп дауыс алған 6 партияның мәжіліске өткенін мәлімдеді. Атап айтқанда, «Аманат» – 53,90%, «Ауыл» – 10,90%, «Республика» – 8,59%, Қазақстан халқы партиясы – 6,80%, «Ақ жол» – 8,41%, ЖСДП – 5,20% жинады, ал 2,30% жинаған «Байтақ» партиясына мәжілістен орын алу бұйырмады.

Бұл сайлаудың алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда едәуір өзгешелігі барын халықаралық бақылаушылар да байқаған. Мәселен,  Түркия, Сербия және Италиядан келген байқаушылар дауыс беру заң талаптарына сәйкес жүргенін, сайлауды ұйымдастыру жоғары деңгейде өткенін айтыпты. Түркиядан келген «Marmara group» қорының басшысы, доктор Мехмет Аккан Сувер «Сайлау демократиялық қағидаларға сәйкес жүзеге асты. Бұл жағдай Қазақстанның демократияны ілгерілетудегі айқын қадамын байқатты» десе, Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығының консул-кеңесшісі Артем Оганов «Мұншама көп тәуелсіз байқаушыларды көрмеген едік. Әсіресе,   жастар өздерінің ұстанымын білдіріп, елдің болашағына елеулі үлес қосты. Қазақстанда көптен күткен өзгерістерді байқадық, бірақ Қазақстан демократиялық даму жолындағы саяси мақсатына өміршең реформалар арқылы ғана жете алады» деген баға берді.

Сонымен, Парламент жасақталып, мәжіліс төрағасы, отставкаға кеткен үкімет басшысы қайта сайланды. VIII сайланған Парламенттің бірінші сес­сиясын ашқан  президент Қ.Тоқаев алдағы атқарар міндеттер мен ауқымды жұмыстарды атап өтті. «Мәжіліске көзқарасы әр­түрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Енді партиялар елі­міздің болашағына зор ықпал ететін сая­си үдерістің басы-қасында жүретін бо­лады. Мәжіліске бір мандатты округ­тен де депутаттар сайланды. Яғни, Пар­ламентке түрлі әлеуметтік топтан шық­қан өкілдердің келуіне жол ашылды. Осылайша, елімізде де­мократия дәстүрі жаңа деңгейге көте­рі­ліп, нығая түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы іскерлік белсенділік, өн­дірістік әлеует, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, адам капиталы және әлеуметтік қолдау салалары бойынша аянбай жұмыс істеу керектігін қадап айтты. Мұнымен қоса туризм саласына серпін беріп, инфрақұрылым мәселесін түбегейлі шешуді, білім беру жүйесін жан-жақты дамытып, мектеп пен балабақшада орын жетіспеушілігі мәселесін реттеуді тапсырды. Тұрғындарды баспанамен қамту саясатын қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз ету керектігіне де екпін түсірді. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы екенін жеткізіп, еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін атап өтті. Айта кету керек, ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.