Өткен аптада Астанада ауыс-түйіс болды. Бүгін ескіден келе жатқан жаңа кадрлардың рокировкасына тоқталғанды жөн көрдік.
Өмекең – Өмірзақ Шөкеев Вице-премьер министр, Ауылшаруашылық министрі болып тағайындалды.
Өмекең өзі қызық адам. Ол бұрын «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарған еді. Сол қордың басшылық қызметінде бел шешіп, білек сыбанып қызу жүмыс істеп жүрген Өмірзақ Естайұлы, бірде Президентпен кездескен еді. Кездескенде де, папасынан кәмпит сұраған жүгермектей жыламсыраған.
Өмірзақ Шөкеев:
-Бізде, қорда қаржы мол кезде, шетелде көптеген өкілдіктер ашылды. Әлем бойынша 36 өкілдігіміз бар. Олар бір-бірінің аяғынан шалып, жұмыс жасауға кедергі келтіріп жатыр. Мен бұлардың барлығын қысқартып, әлем бойынша 3 өкілдікті ғана қалдыруды ұсындым. Лондонда, Бейжіңде және Мәскеуде. Жаңағылардың жұмысын осы үш өкілдік толық атқара алады. Сонда ғана жылдам әрі жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Еее…Ыыыы…Ол үшін дисциплина керек біздің командаға.
Президент:
-Кім жаңағы дисциплинаны орнатады?
Өмкең:
-Ыыы…Кыы..Ууу…Әәә…Трансформация жайлы айтсам, Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай команда беру құқығым болса деймін. Барлық холдинг бойынша…
Прездент:
-Вот, мынау айтқандарыңның барлығы бойынша ма?
-Өмкең:
-Иә…
Президент:
-Сені ешкім тыңдамай ма не?
Өмкең:
–(Күлді).Тыңдамайды дегенде былай ғой…Мен мысалы, өкілдіктер жөнінде бір жыл бұрын шешім шығардым. Бірақ, сол өкілдіктер әлі күнге жабылған жоқ. Сол үшін ғой…Бұл бір ғана мысал ғой.
Президент:
-Сен жас, күш-қуатың тасып тұрған, білімді жігітсің. Сенің лауазымың бар. Саған құзырет берілді. Енді кеп, сені ешкім тыңдамайды деп шағымданып тұрсың. Естудің өзі ыңғайсыз екен. Кім тыңдамайды, давай, айтшы. Мен команда берейін. Кім Өмірзақты тыңдамай жүр?
Өмкең:
-Ну, там же, Нұрсұлтан Әбішұлы, көптеген мүдделер бар ғой. Просто, маған сіздің бір ауыз сөзіңіз керек.
-Президент:
-Айтыңдаршы, міне, айтып отырмын ғой. Басқа не дейсің?!
-Өмкең:
-Болды онда…
Бұл Президент пен Өмірзақ Естайұлының екі жыл бұрын кездескендегі диалогы. 2015 жыл. 18-қараша. Ақорда.
Президенттің «күш-қайраты тасып тұрған» деп мақтауын асырған Өмірзағы қазір 53-те. Қордағы қожайынның балаларына сөзін өткізе алмай, өкпелеп келіп, Президентке шағымданған Өмкең енді Премьер-министрдің орынбасары. Үкіметте жұмыс жасайтын болды.
Иә, «Самрұқ-Қазынада» жүргенде шіренген дөкейлердің шіріген бай бала-шағасы Шөкеевті пысқырмай, пысқырмақ түгілі адам құрлы көрмегені рас. Содан амалы таусылған Өмкең, бірдеңе болса, Елбасымен» қорқытармын» деген оймен, қорда да осылай сөйлеп еді.
Айтпақшы, Өмкеңнің жаңа қызметі Ауылшаруашылық министрлігі. Өмкеңе дейін бұл креслода Асқар Исабекұлы Мырзахметов отырды.
Мырзахметов 15-желтоқсан күні қызметінен босатылды. Президент Назарбаев Асекеңді қызметінен босату туралы жарлық шығарыпты.
Енді Асекең қайда барады екен деген сауал ел ішінде гулеп тұр. Саясаттың ар жақ, бер жағында жүргендер түрлі болжам айтуда. Біреулер Астанадағы Әсетті ауыстырады десе, енді біреулер Алматыға кеп, Бауыржан Байбекті Ақорда жаққа жібереді деген сыбыс таратуда.
Кім не десе де, Асекең қызметсіз жүргеніне тұп-тура үш күн. Әлі тыныш. Асекең қайда?.. Асекеңнен хабар бар ма? Қайда, не істеп жүр?
Қосымша: Асқар Исабекұлы биыл 55 жаста.
1984 жылы Москва, Тимирязов Академиясын «Зооинженер» мамандығы бойынша аяқтаған;
Еңбек өтілі: Қазақстанның қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері (1984-1985); Қазақстанның мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері (1988-1991);
«Қазақстан» республикалық биржасының вице-президенті, Орта Азия және Қазақстан биржалары Қауымдастығының Басқарма төрағасы, «Электронды супермаркет» АҚ президенті (1991-1995); «Tasmo» инвестициялық фирмасының Бас директоры (1995-1996); «Агро-лизинг» АҚ Бас директоры (1996-1999);
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі (1997-1999);
Қазақстан кәсіпкерлері Форумы кеңесінің төрағасы (1999 жылдың наурызынан тамызына дейін);
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі (1999-2002);
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі (2002-2005);
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы (2003-2004);
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі (2005-2006);
Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі (2006-2007);
«Оңтүстік» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы (2007-2009);
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (2009-2015);
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары (2015 жылдың тамызынан бастап);
2016 жылдың мамырынан Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.
2016 ж. 14 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024