arasha.kz

ШЫҰ экологиялық проблемалар мен климаттың өзгеруіне тиімді әрекет етуге қабілетті – Тоқаев

Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Біз ШЫҰ жалпыәлемдік үдерістерден шет қалмауы керек екеніне сенімдіміз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Мен бұл бастаманың лайықты бағаланып, барлық мүше мемлекеттердің қолдауына ие болғанына ризамын. Астанада өтетін саммитке қатысушылар халықаралық қауымдастықты адал және ашық жаһандық диалогты бастауға, қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға, әділ экономикалық орта құруға және ғаламшардың тазалығын қорғауға қажетті күш-жігерді жұмсауға шақырады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, 2024 жыл Қазақстанның бастамасымен ШЫҰ-ның Экология жылы ретінде жарияланды. Экология, табиғи аумақтарды қорғау, экотуризм, климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы халықаралық құжаттар әзірленіп, қабылдауы жоспарланып отыр, деп жазды ҚазАқпарат.

Биыл ақпан айында БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау ассамблеясы 6-сессиясы аясында Қазақстан бастамасымен өткен ШЫҰ-БҰҰ жоғары деңгейдегі «Бір ғаламшар, бір болашақ: экологиялық тұрақтылық үшін күш-жігерді біріктіру» арнайы іс-шарасы көпшіліктің назарын аударды. Оның қорытындысында ШЫҰ мен UNEP (БҰҰ-ның қоршаған орта саласындағы басты органы) арасында қарым-қатынас орнатылып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған.

«ШЫҰ экологиялық проблемалар мен климаттың өзгеруіне тиімді әрекет етуге қабілетті екеніне сенімдімін. «Адамзаттың ортақ тағдыры» қоғамдастығы туралы айта келе, бұл жаңашыл тұжырымдама бүкіл әлем қауымдастығының назарын аударғанын, халықаралық қатынастың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болғанын ерекше атап өткім келеді. Оның мақсаты – қазіргі заманғы мемлекетаралық қатынастарда жетіспейтін өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді диалогты орнату. Осы тұрғыда «адамзаттың ортақ тағдыры» қоғамдастығы идеясы мен «Шанхай рухы» қағидаттары үндес және бір-бірін үйлесімді толықтыра алар еді. Бұл, әсіресе, екі тұжырымдаманың тұрақты дамуға, ортақ гүлденуге, ашықтық пен инклюзивтілікке ұмтылуына қатысты. Осы тағдыршешті концептілерді көпжақты құрылымдар аясында және екіжақты деңгейде ілгерілете отырып, әлемдік қоғамдастық оларды халықаралық қатынастардағы нормаға айналдыра алатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Exit mobile version