Біз
әлеуметтік
желіде
17-05-25 |
120 рет қаралған
Стратегиялық мақсаттар, дабырасыз реформалар.
Стратегиялық мақсаттар, дабырасыз реформалар

Жақында Аналар күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева туралы жылы естелігімен бөлісті. Төрт баланың анасы, жазушы, соғыс ардагерінің жары тағдыр тауқыметінен сүрінбей өтіп, өнегелі өмір сүріпті. Тіпті Кеңес одағы тарап, ұлының алдында не Ресейде қалып, сыртқы істер жүйесінде қызмет ету, не елге оралу сияқты таңдау тұрғанда, анасы «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанға қызмет ету керек дер еді» деп айтқан екен. Анасының батасын алған болашақ президент өз ісіне адал, қандай да іс болмасын оны тиянақты орындайтын азамат екенін көрсете білді. Оның бойында дипломатқа тән сабырлық пен салқынқандылық, президентке тән елге қызмет етуге құштарлық бар. Онымен әр салада қызмет еткен азаматтар да Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке қасиеттерін ерекше бағалайды.

Сеңді бұзған реформа…

2019 жылы президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар бағдарламасын іске қосты. Референдум барысында Конституцияға енгізілген өзгерістер суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті күшті президенттік елге айналды. Әрине кезінде елімізді шарпыған Жер дауы халық жадында. Бұл тұрғыдан Ата заңға «Жер мен оның байлығы, табиғи ресурстардың халыққа тиісілі» екені айқын жазылды. Қазақстандықтардың Конституциялық сотқа өздері шағым түсіре алатындай жағдай жасалды. Өлім жазасына тыйым салынды. Адамның өмірі бәрінен де құнды. Парламент Мәжілісінің депутаттар корпусы аралас сайлау жүйесі арқылы сайланатын болды. Бір айта кетерлігі, Сенаттағы президент квотасы қысқарып, Мәжілістегі ассамблея квотасы таратылды. Әрине мажоритарлы сайлау жүйесі сайлаушылардың көңілден шықпаған депутатты өз еркімен қайтаруға да құқық береді.

Бұдан бөлек Тұңғыш президенттің заңнамадағы ерекше мәртебесі туралы мәселелер алынып тасталды. Жалпы, сайланған президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметкер лауазымын атқара алмайды, квазимемлекеттік салада басшылық ете алмайды. Бұл туралы да нақты өзгерістер енгізілген. Президент азаматтық қоғамды барынша дамыту үшін сайлау заңнамасын да оңтайландырды. Елімізде әкім сайлаудың жаңа жүйесі қалыптасты. Яғни, сайлаушылар аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға құқылы. Естеріңізде болса, президент бұл өзгерісті елдің саяси жүйесін трансформациялаудағы маңызды қадам деп атаған еді. Енді тиісті заңға сәйкес, әкімдер төрт жылға сайланады және 25 жасқа толған Қазақстан азаматы кандидат ретінде тіркеле алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы халыққа жолдауында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңнамалық негізде тыйым салу керектігі дер кезінде көтерілген еді. Осыған сәйкес, заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, барлық деңгейдегі әкімдер Amanat партиясының облыс, қала, аудандық филиалдарының басшылары қызметінен кетті. Сарапшылар мұны оң өзгеріс деп бағалап отыр.

Елімізде жасалып жатқан осы тектес маңызды саяси, әлеуметтік реформалар бірінші басшының мемлекетті жаңа даму жолына жеткізгісі келетінін анық көрсетеді. Бұл өзгерістер дабырасыз жүзеге асып жатыр. Тоқаев Қазақстанның ұзақ жылдар бойы шикізат елі болғанын жақсы түсінеді. Сондықтан еліміз экономиканы әртараптандыру, диверсификациялаудың маңызды қадамына аяқ басып келеді.

Президент әлеуметтік жобаларға, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға қашанда қолдау білдіріп келеді. Тіпті, төрт жыл бұрын әлеуметтік көмекке бюджет қаражатын бөлу туралы жарлыққа да қол қойылды. Жалпы, елімізді нағыз әлеуметтік мемлекет деп атауға толық негіз бар. Мәселен, кезінде Румыния саясаткері Флорин Йордаке Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселесінің әсіресе пандемия таралған жылда қолға алынғаны таң қалдырғанын жасырмаған еді. Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану мыңдаған отбасын баспаналы етті. Халықтың айтарлықтай бөлігі әлеуметтік жағдайын түзеп алды.

Дипломатиялық тәжірибе опық жегізбейді

Кейде отандық және шетелдік баспасөзде Тоқаевтың БҰҰ аясында атқарған қызметі жайлы сараптамалық мақалалар жарияланып тұрады. Президент үш жыл бойы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Женевадағы офисті басқарып, халықаралық процестердің оңтайлы шешілуіне атсалысқан. Сондай-ақ, ол БҰҰ бас хатшысының Қарусыздану конференциясында жеке өкілі әрі бас хатшысы болған. Біреу білсе, біреу білмес, бірақ БҰҰ аясында Тоқаевтың атқарған ең үлкен жұмысының бірі Сирия жанжалын реттеуге үлес қосуы еді. Бұл құжатқа сәйкес, АҚШ, Ресей, Түркия мен Ирак, басқа да мемлекеттер Сирияда өтпелі өкіметтің құрылып, мүдделі тараптардың президенттік және парламенттік сайлау өткізуіне жол ашуы тиіс болды.

Тәжірибелі дипломат ретінде президент Қазақстанның БҰҰ мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымындағы позициясын күшейтіп келеді. Әрине, соңғы жылдары әлемде отты ошақтар, әскери қақтығыстар көбейді. Бұл тұрғыдан Қазақстан Сирия жанжалын реттеуде де, басқа да өзекті халықаралық дауларды шешуде де өз алаңын нейтралды мекен ретінде ұсына білді.

Көптеген сарапшылар қазір әлемдік саясат орталығының біртіндеп Батыстан Шығысқа қарай ойысып келе жатқанын алға тартады. Ал Қазақстанның сыртқы саясаты әлі де көпвекторлықтан айныған емес. Бұл саясат ірі державалар арасында балансты ұстаумен қатар, ұлттық мүддені өз деңгейінде қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстанның Қытаймен, Еуропа елдері, Ресей, Түркия, араб мемлекеттерімен ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді.

Қорыта айтсақ, Тоқаевтың саясаты есепке негізделген, прагматикалық мақсаттардан тұрады. Тәжірибелі халықаралық саясаткер кезең-кезеңімен реформа жасағанды ұнатады. Оған жоғарыда айтылған саяси және әлеуметтік реформалар мысал бола алады. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы, жастар саясаты, бейбіт жиын өткізу заңнамасының оңтайлануы, партия құру мен тіркеу талаптарының жеңілдеуі, адам құқықтарын қорғау бастамалары ел дамуының жарқын болашағын айқындайды. Әлеуметтік әділдікті құру мен коррупцияны түбегейлі жеңу жолы ұзақ, әрине, бірақ оған алғашқы байсалды қадамдар жасалды.

Н.Бекетов

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.