Ауыз судың мәселесі әлемдегі барлық мемлекетті ойландырып отырғаны шындық. Бұл суды үнемдеу, тіршілік нәрін тиімді пайдалану бағытында соны ізденістер жүргізуге ықпал етуде. Су тапшылығына қатысты түйткілді дұрыс реттемеу бір елдің ғана емес, көршілес елдердің де арасына жік салуы, татулығына сына қағуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан сыртқы саясаттағы келісімшарттар шеңберінде ауыз суды тиімді тұтыну бойынша көрші елдермен бейбіт келісім жасасқан.
Еліміздің су ресурстары бойынша көрші мемлекеттерге тәуелді екені жасырын емес. Мәселен Шығыс Қазақстан облысына негізгі су көзі Қытайдан, оңтүстік өңірге Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Батыс Қазақстан облысына Ресейден келеді. Біздің мемлекетте су ресурстары кемшін болғандықтан, суға байланысты қажеттілікті көрші мемлекеттермен бірігіп шешу аса маңызды. Ауыл шаруашылығын дамыту біздің ғана емес, көршілес елдердің де негізгі бағдары. Ал бұл саланы ілгерілету су қорының жеткілікті бөлінуіне тікелей байланысты. Сондықтан, көрші елдермен суға байланысты ортақ келісім жасау әлдеқашан жолға қойылған.
Көршілес елдермен бірігіп реттеуді көздейтін мәселенің бірі сумен байланысты екеніне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы көңіл бөліп келеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз алған Президенттің: «Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал», – деген сөзі жадымызда жаңғырып тұр.
Осы сөзі арқылы Мемлекет басшысы суды сыртқы саясаттағы маңызды орны бар ресурс деп атады. Әрі су – көрші мемлекеттерді дауластыратын, жауластыратын емес, жақындататын, татулығын нығайтып, бір мақсатқа біріктіретін әлеуетті күш болуы керектігіне Президент ерекше назар аударды. Соған сәйкес, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресеймен болатын екіжақты сыртқы байланыстар мен келісімшартта суды ортақ мақсатқа тиімді қолдану бойынша өзекті мәселелер ретімен жолға қойылып келеді.
Қарап тұрсақ, Қазақстандағы су ресурстарының 44,3 пайызы трансшекаралық өзендердің көмегімен толады екен. Яғни, біздің елдегі ауызсу қорының айтарлықтай бөлігі шекара шегінен асып келетін су арналарына тәуелді. Сондықтан еліміз су қорын жинауда Ертіс, Іле, Емел өзендері бастауын алатын Қытай Халық Республикасымен, Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс өзендері басталатын Ресей Федерациясымен, Шу, Талас өзендері ортақ Қырғызстанмен және Сырдарияның суын тиімді пайдалануда Өзбекстанмен ортақ мәміле жасаған. Сыртқы саясаттағы бұл маңызды келісімшарттың мақсаты айқын, міндеті биік.
Әрине, «Кісідегінің кілті аспанда» деп дана балаларымыз айтпақшы, трансшекаралық өзендердің игілігін көрші елдер арасында сауатты түзілген халықаралық келісімшарттармен байланыстырған дұрыс. Бұл бағытта Қазақстан көрші мемлекеттермен тығыз әріптестікте жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы, суға қатысты түйткілдерді көрші мемлекеттермен ақылдаса, ойласа келе сындарды шешу керектігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Суды пайдалануда ақылмен, терең пайыммен әрекет жасаудың берері мол. Мұндай мәселелерге үстірт, немкетті қарауға болмайды. Өйткені, суға қатысты даулардың туындауы көрші елдердің дипломатиялық достығына көлеңкесін үсіреді. Су – көрші мемлекеттер арасындағы мәселеге емес. Достықты нығайтудың құралына айналуы керек.
Бүгінде суға байланысты көрші мемлекеттер арасында жолға қойылған жұмыстар ауқымды. Соның ішінде қатар отырған елдермен келіссөздер барысында тараптар жұмыс ауқымын саралап және әртүрлі бағыт бойынша ақпарат алмасуды жолға қойған. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су шаруашылығы мәселелерін реттеу, көктемгі су тасқынының залалсыз өтуіне мүдделілік таныту, су қоймаларының толтырылуына назар аудару, халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету шарттарын жетілдіру, сонымен бірге су қорғау іс-шараларының орындалуын реттеу Қазақстанда жіті бақылауда.
Суға байланысты халықаралық келіспеушіліктерге тосқауыл қою мақсатында Қазақстанда Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалғанын да айта кеткен орынды. Бұл жоспар аясында республиканың түкпір-түкпірінде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылысты қайта жөндеу шешімін тапқан. Осындай сауатты жоспарларды жүзеге асырудың арқасында алдағы уақытта көршілес мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділікті 25%-ға дейін азайту мақсат етіліп отыр.
Жалпы, көршілес елдердегі суға байланысты келісімшарттар бүгін ғана қолға алынып тұрған жоқ. Тарихқа шегініс жасасақ, мемлекетаралық мәні бар талай келісімнің тәжірибеге енгізілгеніне көз жеткіземіз. Солардың қатарында Орталық Азия елдері қол қойған «Мемлекетаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімді ерекше атауға болады. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан бірігіп қол қойған бұл құжат Орталық Азиядағы суға байланысты түйткілдерді тарқатуға серпін берді. Бұдан бөлек, «Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы келісім де тарихта алтын әріптермен жазылары хақ. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісім де көрші елдердегі су мәселесін тиімді реттеуімен құнды болып отыр. Сонда да болса, Қазақстандағы трансшекаралық өзен-көлдер проблемасын шешу кешенді жұмысты талап етеді. Осыған орай алдағы уақытта да трансшекаралық өзендер мәселесінің табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті бойынща жаһандық мәселе екенін назардан шығармай, кемшіліктерді көрші елдермен бірігіп шешудің құны жоғары.