Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен президент көтерген мәселелер жүйеленіп, нақты іс-жоспар аясында кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қазақ сайттары бас редакторларымен кездесуде егжей-тегжейлі баяндады.
Ел ісіне есіней қарамайтын есті жұрт білсе керек, Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына дейін түрлі бағыттағы салалық мәселелер мен келелі ойлар «Азаматтық қоғам», «Білім және ғылым», «Өнер. Мәдениет. Руханият», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» жұмыс секцияларында талқыланады. Осы секцияларда Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан айтылып, пысықталған ұсыныстарды ескере отырып, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында бірнеше заң жобасын әзірлеу қажеттігі жөнінде маңызды тапсырмалар берген болатын.
Атап айтқанда, «әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер», «шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер», «мемлекеттік наградалар туралы түзетулер» қатарлы бірнеше заң қабылданды. Ендігі кезектегі «ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудомания мәселелері жөніндегі түзетулер», «есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау жөніндегі түзетулер» туралы заңдар мәжілістің бірінші оқылымында қаралып, процесте жатыр.
Ел ішінде талай сөз болған, көзіқарақты жұрт әлсін-әлсін көтеріп жүрген мәселелер де құрылтай айтылған еді. Сол дүниелер құр талқы, жай сөз болып қалмай, арнайы заң жобалары дайындалып жатқанын мемлекеттік кеңесшінің өз аузынан естідік. Айталық, «вандализм және табиғи объектілерді қорғау жөніндегі түзетулер», «ономастика мәселелері туралы түзетулер», «нышандарды бірыңғай стандартқа келтіру жөніндегі түзетулер», «археология саласындағы түзетулер» сынды маңызды бағыттарда заң жобалары даярлануда.
Ономастика оңалмай, көшелердің көші түзелмейді
Әлбетте, ономастика тек көше атауларымен шектелмейді. Ауқымды сала екенін аян. Бірақ қазіргі кездегі ономастика қараусыз қалғандай көрінетіні тағы рас. Әрі президенттің Ұлттық құрылтайда осы мәселені айтқаны сөзі елдегі ономастика мәселесінің шынайы көрінісінен анық хабар береді.
«Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді», – деген еді Қ.Тоқаев.
Енді міне, осы ономастика мәселесіне қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл сала жүйеленіп, біріздендірілетін әрі осы бағыттағы жұмыс үнемі бақылауда болатынын баса айтты.
– Ономастика саласына жүйелеу қажеттігі уақыт талабы тудырып отырған мәселе. Жүйелендіруде әр аймақтың тарихи, өлкелік ерекшеліктері ескеріле отырып, ұсынылатын тізімдер жасақталады. Әрине, тізім қуалап атау берілмейді. Ономастика мәселелерін қарайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, әр саланың мамандарының талқылауының негізінде ғана ортақ шешім қабылданады, – деді Қарин.
Ономастика саласының бұрынғы кезеңдегі жолмен қалып, қараусыз кеткенін әр жерден көруге болады. Әсіресе, аймақтарда ата-баба, әке-шешесіне шамасы жеткендердің бәрі көше беріп, ескерткіш орнату әлі де жалғасып келеді. Сондықтан да елдік маңызы бар сала салғырттықты көтермейді.
Осыған орайлас тағы бір мәселе ол – ескерткіштер. Кезінде ауласына Сталиннің ескерткішін қойған шулы іс, Өскемендегі «қортық» Абайдың бюсті тағы сол секілді ескерткіштер қоюда өзімбілемдікке жол берілгені жасырын емес. Бұған бір тоқтау болу шарт еді. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бұл саладағы бей-берекетсіздікте реттеліп, жүйеленбек. Сөз ыңғайы келіп тұрғанда айтпаса болмайды, ономастика мен ескерткіш орнатуда ел ішіндегі жершілдік, руластық, аймақшылдық дерті де дес бермей келеді…
Тарихи мұралардың тағдыры
Қазақстан тарихи ескерткіштерге бай ел екені белгілі. Біз үшін тарих, тарихи ескерткіштер тамырымызбен тікелей байланысты болғанымен, дәуірлердің көзіндей болып қазақ жерінің әр түкпірінде менмұндалап бүгінге жеткенімен құнды. Бірақ сол тірі тарихи мұралардың күйі көңіл көншітпейді. Жол үстіндегісін былай қойғанда адам аяғы жетуі қиын жерлердегі тарихи ескерткіштерді вандализмнен сақтау дейтін мәселе бар. Тарихи ескерткіштерге өз атын жазу, орны бүлдіруге әуестік тыйылмай келеді. Тап осы проблемаға «вандализм және табиғи объектілерді қорғау жөніндегі түзетулер» туралы заң жобасында тоқтау салатын тұстар енбекші екен. Бұл өте мемлекеттік тарихи ескерткіштерді қорғаудан туған қажеттілік. Әрі қоғам санасына тарихи ескерткіштер мен мұраларды сақтау мен аялаудың маңыздылығын түсіндіру де кешеуілдетуге болмайтын іс.
– Өздеріңіз білетіндей, ел аумағында көптеген археологиялық қазба жұмыстары жүріп, тарихымызға құнды деректер қосылып жатыр. Бірақ жасыратыны жоқ, көлеңкелі археология жер астындағы тарихи мұраларымызды қопарып, салаға үлкен зиян келтіріп жатыр. Сондай-ақ тарихи ескерткіштерді қорғаудың да жаңа тәсілдері керек екенін белгілі. Аталған салалардағы мәселелерді кешені әрі жүйелі түрде шешу үшін де жауапты мекемелер тарапынан арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр, – Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшімен кездесуде тарих мәселесіне қатысты естіген ең айрықша жаңалық ол – «Қазақстан тарихы: ежелгі заманнан бүгінге дейін» атты 7 томдық академиялық басылым әзірленіп жатқаны болды.
– Соңғы жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар, тарихи зерттеулер, көптеген құпия құжаттардың ашылуы, шетелдердегі архивтерден табылған құжаттар өзге де тарихымыз үшін маңызды дүниелер 7 томдыққа енеді. Қазір елдегі 5 ғылыми институт пен 250 аса тарихшы осы іспен айналысып жатыр. Яғни, тарихымыздың әр кезеңгімен әр институт және сол кезеңге маманданған ғалымдар жұмыс істеуде. Бұл іске тағы 60 ғалым шетелден тартылып отыр. Олар Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдерін әр жылдары зерттеген әлі зерттеп жүрген өзге ел ғалымдары. Олардың зерттеулерінде де тарих үшін құрды деректер өте көп. 7 томдық академиялық басылым дайындау ұзақ әрі күрделі іс. Биыл жыл соңына дейін негізгі жобасы әзірленеді деп үміттеніп отырмыз. Алайда ол биыл жарық көреді деген сөз емес. Дайын болған кезде оны ең әуелі еліміздің ЖОО-дағы ғалымдардың талқысына саламыз. Ескертпелер түзетілген соң, оны тіл мамандары бастан-аяқ қарап, оның түсінікті, оқылымды болуын ықтияттайды. Ең бастысы – жұмыс қызу жүріп жатыр, – деді мемлекеттік кеңесші.
Тарих дегенде қазақ халқының алыс замандарға кететін терең тамыры еске түседі. Мемлекеттілік негізіміздің алтын тамыры – Алтын Орда болса, ұлысымыздың ұзына тарихында Жошы ұлысының орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Кейін жылдары түп тарихқа мемлекеттік көзқарас пен ұстаным өзгергені анық байқалады. Оның дәлелі – президенттің Атырауда өткен ұлттық құрылтайда айтқан сөзі.
«Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жошы хан туралы тарихи деректі драманың түсірілім жұмыстары күзде басталатынынан хабардар етті.
– Бұл маңызды тарихи жоба жұмысына бұған дейін атақты Netflix платформасында «Осман империясының бастауы», «Мұсаның тарихы» сынды деректі драмаларды түсірген өзге де аталулы фильмдері 90-нан астам елде үздік 10 телехикаяға айналған «Karga Seven Pictures» киностудиясын тартып отырмыз. Киностудияның басты адамдары елге келіп, кино түсірілетін жерлері қарап, көріп белгіледі. Киноның түсірілетін жерлерін таңдауда туризмге серпін беру мақсатында еліміздің ең көрікті, тартымды өңірлерін көрсеттік. Бұл жобаның маңызы – біздің мемлекеттілік тарихымыздың тамыры тереңде екенін халықаралық платформаларда көрсету. Байқасаңыздар, қазір бұл үрдіс көптеген елдерде бар. Тарих пен мәдениетті халықаралық платформаларға шығара білсек, бұл болашаққа инвестиция болмақ, – деді Қарин.
Өміржан Әбдіхалықұлы, arasha