arasha.kz

Тоқаев Астанада Назарбаевтың ескерткішін ашты

Президент Тоқаев Астанада экс-президент, қаупісздік кеңесінің мәңгілік төрағасы Н.Назарбаевтың ескерткішін ашты. Ескерткіш Әлихан Бөкейхан мен Керей-Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы саябақта орналасқан.

Президент экс-президенттің ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде:

«Сондықтан бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс.

Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді.

Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздігіміздің символына айналды.

Елбасының стратегиялық бағыты – елімізді одан әрі жаңғыртуға негізделген саясатымыздың берік негізі. Құбылмалы әлемде реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бізге айқын идеологиялық бағдар, орнықты әрі құнды негіз қажет», – деді.

фото: akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдан 2019 жылға дейін басқарған президент. Қазір барлық билік бұтағынан биік тұратын қауіпсіздік кеңесі делінетін құрылымды басқарады.

2019 жылы  наурызда Н.Назарбаев президент қызметінен кетіп, билікті Тоқаевқа тапсырды. Тоқаев президент болған бойда Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту және Астанадағы халықаралық әуежайға Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтып, ол бірауыздан мақұлданған еді.

Exit mobile version