11-01-22 |
1210 рет қаралған
Тоқаев: Елбасының арқасында өте бай адамдар және табысты компаниялар пайда болды.
Тоқаев: Елбасының арқасында өте бай адамдар және табысты компаниялар пайда болды

Президент Қ.Тоқаев мәжілісте сөйлеген сөзінде «Тұңғыш президент – елбасының арқасында елде өте бай компаниялар тобы және халықаралық өлшеммен алғанда өте бай адамдар пайда болды. Енді Қазақстан халқына тиесілі дүниесін қайтарып, жүйелі әрі үздіксіз көмектесіп тұру керек деп есептеймін», – деп мәлімдеді.

Бұл сөздерді президент «Қазақстан халқына» қоры құрылатыны туралы сөзінің бөлігінде айтты. Ал аталған қор президенттің айтуынша, билікке бағынышты болмайды. Қорды қоғам өзі бақылайды. Оның жұмыс ашық әрі есептілігі көрсетіліп отырады. Қор мемлекеттік және жеке көздерден қаржыландырылады.

Қор білім беру, денсаулық, әлеуметтік қолдау мәселелерімен айналысады. Қорға беделді адамдардан бақылау кеңесі қарап, басшылығына әділ әрі жауапты адам тағайындалады.

Сондай-ақ президент қорға ірі бизнес өкілдері де қаражат салып отырады деп үміттенетінін айтты.

Президенттің мәжілістегі айтқан сөздеріне мақала арнаған Азаттық: «Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның отбасы мүшелері мен төңірегіндегі ат төбеліндей азғана топ елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр. Мысалы, Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевты АҚШ-та шығатын Forbes басылымы миллиардерлер тізіміне енгізген.

Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелерінің 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған», – деп жазады.

Президент сөзінде қорғаныс және құқық қорғау саласына түбегейлі өзгерістер жасалатынын да айтты. Жалпы алғанда, Тоқаев айтқандарының барлығын үкіметке дайындауға, ұсыныс әзірлеуге, орындауға тапсырды. Ал жаңа үкіметтің президент айтқан істерді қалай атқаратыны әлі белгісіз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.