Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы болды. Оған ұйымның құрметті төрағасы болуды президент Тоқаев ұсынды. Мұның алдында Назарбаев ұйым төрағалығын президентке берген еді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Қазақстанның экс-президенті.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.