Президент Қ.Тоқаев парламент сайлауының қашан өтетінін хабарлап, арнайы мәлімдеме жасады. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеде: «Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді» делінген. Сондай-ақ президент парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойған.
Мәлімдемеде парламенттік оппозиция туралы да айтылған. Мәселен президент: «Бірінші. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.
Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.
Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.
Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі» дейді.
Сонымен қатар мәслихат сайлауы партиялық тізіммен өтетінін және әйелдер мен жастарға 30% квота енгізіліп отырғаны да айтылған.