Қазақстан президенті Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтініне сенімділігін екінші рет астын сызып айтты.
Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халықтың қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, – деді Президент.
«Жеңілмейтін Ресей» – Ресейдің қазіргі пропагандасының ұраны. Осы ұран аясында Ресей бар ресурсын, әскери күшін, қаражатын соғысқа салып жатыр. Биыл маусымда Путин «Ресейдің стратегиялық тұрғыдан жеңілуі оның мыңдаған жылдық мемлекеттілігін жояды» деп мәлімдеген. Алайда, соғыс Ресей өзі бастап, қазір өз қазған ордан өзі шыға алмай отыр.
Президент Тоқаев айтқандай, Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейтін ел болса, онда Путин Иран мен Солтүстік Кореяның қаруына неге кіріптар болып отыр деген заңды сауал туады. Батыс баспасөзінің дерегінше, Ресей дрондарды Ираннан алып отырса, Солтүстік Кореядан өзге де қару түрлерімен қоса көмекке әскер әкелуде. Сондай-ақ, Ресейдің совет өкіметі кезінен қалған әскери қару-жарақ қоры да азайғаны аз айтылып жатқан жоқ. Халық саны көп болғандықтан Ресей әскерін үнемі толықтырып жатыр, бірақ шығын да аса көп. Сонда Тоқаев не айтқысы келді? Біздің ше, президент Қазақстанның геосаяси жағдайы мен Путиннің өте құбылмалы саясатына байланысты оған ұнайтын бірнеше сөйлем айтты. Әрі оны Қазақстанның бейтарап, соғысты бейбіт жолмен шешуді ұсынып келе жатқан ұстанымы тұрғысынан жеткізгісі келген секілді.
Ресей әскери тұрғыдан «жеңілмейтін» ел болғанмен, экономикалық және басқа салаларда стратегиялық жақтан жеңіліп жатқаны онсыз да мәлім. Демек Тоқаевтың «әскери тұрғыда» деп айқындап айтуының астарында басқа блокта Ресейдің тас-талқан болып жеңіліп жатыр дегенді меңзеді деуге де болады.
«Тарих куә» дегенге келсек, Ресей өзі бастаған бес соғыста жеңілген ел. Бірақ Путиншіл саясат оны өлсе де мойындамайды. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті бір өзі меншіктеп, оны бұрынғы совет құрамында болған елдерге қысымның құралына айналдырып отыр. Соғыс тұрғысынан алғанда, Ресей жеңілмейтін ел деген Путин пропагандасының сіңірген аңызы.
Осы жерде тағы бір мәселе бар, Путин Тоқаев арқылы Ресей келіссөзге баруға дайын екенін қайта-қайта аңдатып отырғандай, «Ресей жеңілмейтін ел, бірақ соғысты қояйық» деген емеурін… «Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады» деу соны аңғартады. Ал президенттің «кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар» деп екіұштылау ғып АҚШ пен Еуропа одағын меңзегеніне ол – шарасыздық.
Шарасыздық болатыны – Путин үшін қол қойылған, заңды күші бар құжат, келісім, стартегиялық әріптес ел деген дүниелердің құны жоқ. Путиннің құбылмалылығы соншалықты ол жоғарыдағының бәрін жоққа шығарып, екінші майдан ашудан, өзге елдің ішкі ісіне баса-көктеп кіріп, іріткі сап, ойран қылуы лезде. Оның үстіне Қазақстанда Ресейдің екі әскери полигоны бар, кедендік және еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Осындай шарасыздықтар Ресей мен Украина соғысына қатысты Қазақстан өз ұстанымын келіссөздерге үндеп отырғанымен, бір жағына ыңғай білдірмеске амал болмағанда «Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейтін ел» дейтін сөз айтылды деп топшылаймыз.
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024