arasha.kz

Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады

Руслан Жақсылықов қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берді.

Қорғаныс министрі:

– бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндады;

– армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылғанын айтты;

– мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысын жеткізіп, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Exit mobile version