Президент Қ.Тоқаевқа «Комсомольская правда» газетінің тілшілері қойған сауалдардың ішінде экс-президент Н.Назарбаев туралы да сұрақ бар. Оған президент былай деп жауап берген: «Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи масштабтағы тұлға, заманауи Қазақстанның негізін қалаушы. Жақында біз оның 80 жасқа толу мерейтойын атап өтеміз. Әрине, оның халқымыздың және халықаралық қауымдастық алдындағы еңбегін айтамыз. Біз үшін оның тарихи және саяси мұрасын сақтау маңызды іс. Бұл қазақстандық мемлекеттілікті нығайту үшін де маңызы зо нәрсе. Сондықтан менің сайлауалды платформамның бірінші пункті ізбасар аталды» деген президент.
Сондай-ақ президент Тоқаев Қазақстанда қос билік жоқтығын тағы бір мәрте қайталап айтқан.
«Қазіргі қиын кезеңде Назарбаев менің дағдарыстан тез шығу, жаңа экономика құру, азаматтарға қолдау көрсету бағытымды қолдады. Ешқандай қос билі жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы да бірнеше рет айтып, қазіргі президенттің маңына топтасуға шақырды» деп ағынан жарылған.
Қазақстанда қос билік бары жайында сарапшылар Назарбаев президент қызметінен кетіп, конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы болғаннан кейін айта бастады. Ал президент Тоқаев президент қызметіне кірісіп, парламентте ант берген соң бірден Астана қаласының атын Н.Назарбаевтың атына беру туралы бастама көтеріп, қоғамның үлкен қарсылығына тап болды. Қоғам қарсылығына қарамастан Астана қаласының аты және облыс орталықтарындағы басты көшелер экс-президенттің атына берілді. Кейін президент әкімдер мен министрлерді тағайындауға қауіпсіздік кеңесімен келісуі керектігі туралы заң шығып, ол Қазақстанда қос билік бары жайлы әңгімені тіпті үдетті. Дәл осы тұста көптеген лауазымды қызметкерлер, билікке жақын сарапшылар «Қазақстанда қос билік жоқ екенін» айтып үлкен кампания бастады. Кейін бұл әңгіме де біртіндіп ұмытылды.