01-05-20 |
2640 рет қаралған
Тоқаев та Назарбаев та халықты 1 мамыр мерекесімен құттықтады.
Тоқаев та Назарбаев та халықты 1 мамыр мерекесімен құттықтады

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен халықты президент Тоқаев және экс-президент, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаев құттықтады.

Президент Тоқаев өз құттықтауында ұлтаралық келісім мен татулықтағы Назарбаевтың еңбегін атап көрсетеді.

«Егемен еліміздегі барлық этникалық топ өкілдері біртұтас Қазақстан халқын құрайды. Біз достық пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың арқасында зор жетістікке жеттік.      

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Бұл құндылықтар Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған жаңа Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарының өзегіне айналды.

Біз бір ел, біртұтас халық болып тәуелсіздігімізді нығайттық. Халықаралық қоғамдастықтағы абырой-беделімізді арттырдық. 

Биылғы Бірлік күнінің мән-маңызы ерекше. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге тараған коронавирус пандемиясымен күресуде. Жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын халқымыз да сезініп отыр. 

Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез-келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін«делінген президенттің құттықтауында.

Ал экс-президент және елбасы – тұңғыш президент конституциялық мәртебесі бар, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың құттықтауында: «Бұл мейрам ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл қасиеттеріміз – достықты, сенімді және патриотизмді дәріптейді.

Мен ширек ғасыр бұрын осы мерекені белгілеу туралы шешім қабылдаған едім. Өткен жылдар ішінде біз еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы құрылымын стратегиялық артықшылығымызға айналдыра алдық.

Қазақстан береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті.

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.

Біз биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – барлық этнос өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастыратын және тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал ететін бірегей институт.

Халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы ғана емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі.

Бірлік күні биыл әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елімізді де әбігерге салды.

Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымызды одан әрі арттыра түсеміз деп сенемін. Осы жолда достық, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарын берік ұстанғанымыз абзал» делінген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.