Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Бұл туралы президент Қ.Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес отырысында айтты.
«Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», – деді Президент.
Президент сондай-ақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы дайындаған барлық өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдайтынын да айтқан.
Конституция өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні және оның қандай бағытта болатыны туралы Тоқаев 16 наурыздағы жолдауында айтқан болатын.