АҚШ Украинамен тек сирек жер металдары бойынша ғана емес, басқа да ресурстар бойынша келісім жасасуға ниетті, деп мәлімдеді сенбі күні президент Дональд Трамп Мэриленд штатында өткен консервативті саясаткерлер, журналистер және заң шығарушылар конференциясында (CPAC).
Трамптың айтуынша, АҚШ-қа бұл ресурстар «Украинаға салынған қаражатты қайтаруға тырысу» үшін қажет, өйткені Еуропа елдері Украинаға көмекті несие түрінде берген, ал АҚШ — қайтарымсыз.
«Мен президент Зеленскиймен де, президент Путинмен де жұмыс істеп жатырмын — мен ақшаны қайтаруға немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге тырысып жатырмын», — деді Трамп.
«Өйткені Еуропа 100 млрд доллар берді, ал АҚШ 350 млрд доллар бөлді, себебі бізде ақымақ, қабілетсіз президент пен әкімшілік болды. Бірақ одан да сорақысы: Еуропа бұл қаржыны несие түрінде берді, сондықтан олар өз ақшасын қайтарады. Біз ештеңе алмадық, сондықтан мен бізге кем дегенде сол жұмсалған қаржының орнын толтыру үшін бірдеңе берілуін қалаймын. Сонымен қатар, мен соғысты реттеп, осы өлім-жітімнің бәрін тоқтатуға тырысып жатырмын», — деп жалғастырды америкалық президент.
«Сондықтан біз сирек жер металдарын, мұнайды және қолымызға түскеннің бәрін сұрап жатырмыз. Біз ақшамызды қайтарып аламыз, өйткені бұл әділетсіздік. Бұл жай ғана әділетсіз», — деді Трамп CPAC конференциясында сөйлеген сөзінде.