Бір апта бұрын ғана Дональд Трамп Илон Маскты мемлекеттік қызметтен шығарып саларда оған мақтау сөздер айтып, Ақ үйдің символдық кілтін табыстаған еді (реплай). Ал қазір олар әлеуметтік желілерде бір-бірімен ашық түрде жанжалдасып жатыр. АҚШ президенті Маскты «есі ауысқан» деп атады, ал Tesla иесі Трампқа импичмент жариялауға шақырды.
Олардың арасындағы дау Масктың қазіргі әкімшіліктің экономикалық саясатын сынауынан басталды. Ол үкіметтің шығындарын қысқартпастан салықты төмендетуді көздейтін заң жобасын сынға алды. Масктың айтуынша, бұл АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуіне және елдің банкрот болуына әкеледі.
Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуде Трамп бұл заң жобасын Масктың көпшілік алдында сынағанына көңілі қалғанын айтты:
«Бұрын Илонамен қарым-қатынасымыз тамаша еді. Бұдан әрі солай бола ма – білмеймін. Ол мен туралы керемет сөздер айтты, ешқашан жаман сөз айтқан емес, бірақ бұдан кейін айтады деп ойлаймын. Мен оған көп көмектестім, енді қатты көңілім қалды», – деді Трамп Ақ үйде.
Кейінірек ол Truth Social әлеуметтік желісінде былай деп жазды:
«Илон шаршады, мен одан кетуін өтіндім. Мен одан электромобильдерді міндетті түрде сатып алуды талап ететін мандатын алып қойдым – енді ол ешкімге керек емес (ол менің мұны жасайтынымды бірнеше ай бұрын білген!). Содан кейін есі ауысты! (…) Бюджеттен миллиардтаған доллар үнемдеудің ең оңай жолы – Илонға берілетін мемлекеттік субсидиялар мен келісімшарттарды тоқтату. Байден мұны неге істемеді деп әрдайым таңғалатынмын!».
Мұның жауабында Илон Маск:
«Үлкен бомбаны тастайтын уақыт келді», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Джеффри Эпштейнге қатысты құжаттардың әлі жарияланбауының себебі – бұл істе Дональд Трамптың есімі де аталады.
Сонымен қатар Маск Трампқа импичмент жариялау қажет деген ұсыныспен келісіп, оны вице-президент Джей Ди Вэнспен ауыстыруды ұсынды. Тіпті ол өз саяси партиясын құруға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл жанжал Tesla компаниясының акцияларының күрт құлдырауына алып келді. Reuters мәліметінше, кеше акциялар 14,3 %-ға түсіп, компания нарықта шамамен 150 миллиард доллар жоғалтты.