Украина-АҚШ келісімі өткен сәрсенбі күні Вашингтонда бірнеше айға созылған күрделі келіссөздерден кейін қол қойылды. Алайда соңына дейін белгісіздік сақталып келді: Украина соңғы сәтте келісім шарттарын өзгерту туралы өтініш білдірді.
Келісімде соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру үшін арнайы қор құру, сондай-ақ тау-кен және энергетика саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Бұл келісім Киевтің болашақта Еуропалық Одаққа қосылуына кедергі келтірмейді.
Украинаның вице-премьері Юлия Свириденко Facebook парақшасында келісімнің негізгі шарттарын жариялады. Оның айтуынша, қор «50/50» қағидаты бойынша құрылмақ: Украина мен АҚШ оны бірлесіп басқарады, ешбір тарап басым дауыс құқығына ие болмайды.
Вице-премьердің айтуынша, қол қойылған келісімде Украинаның АҚШ алдында қарыздық міндеттемелері туралы ештеңе айтылмаған.
«Біздің аумақтағы және аумақтық сулардағы барлық ресурстар Украинаға тиесілі. Қай жерде, не өндіретінін тек украин мемлекеті шешеді. Жер қойнауы – украин меншігінде қалады», – деп нақтылады ол.
Сондай-ақ, бұл келісім Украина Конституциясына қайшы келмейді және «еуроинтеграция бағытын өзгертпейді».
Свириденконың болжамынша, алғашқы 10 жыл ішінде Украина-АҚШ қорының табысы тек жаңа жобаларға немесе елді қалпына келтіруге бағытталады.
Келісімнің толық мәтіні әзірге жарияланған жоқ.
BBC хабарлауынша, Украина мен АҚШ өкілдері техникалық құжаттарға жұма күні-ақ қол қойған. Қол қою қарсаңында Украина келісілген кейбір тармақтарды қайта талқылауға тырысқан. Басылым дерегінше, украин тарапы инвестициялық қорды басқару қағидаттарын, ашықтықты қамтамасыз ету механизмдерін және қаржы қозғалысын толық бақылау шараларын қайта қарауды ұсынған. Тіпті, Юлия Свириденкоға келісім соңына дейін мақұлданбаса, АҚШ-қа келудің қажеті жоқ деген де айтылған.