arasha.kz

ҰҚШҰ жауынгерлері Қазақстанға келе бастады

ҰҚШҰ-ға мүше елдерден – Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан әскери құралымдар 26-30 қыркүйек аралығында келеді. Оларды қайта топтастыру әскери-көліктік авиация бортымен және автомобиль көлігімен жүзеге асырылады.

Алматы облысындағы «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық жалғасуда.

Оқу-жаттығу жетекшісі – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

– Оқу-жаттығу Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және ҰҚШҰ жауапкершілік аймағында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бірлескен маневрлер достас елдерден келген жаттығуларға қатысушыларға үйлесімділікті, практикалық дағдыны арттыруға және далалық машықты нығайтуға мүмкіндік береді. Практикалық іс-қимыл барысында дағдарыс аймағын шиеленістен кейінгі реттеу және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі бітімгерлік операциясы пысықталатын болады, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгерлік контингенттері – арнайы дайындалған әскери, милициялық (полицейлік) және азаматтық персонал, сондай-ақ олардан бөлінетін күш-құралдар. Әрбір бітімгерлік операцияда ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен орындалатын міндеттердің көлеміне және шиеленіс аймағындағы нақты жағдайға қарай олардың құрамы, құрылымы мен саны айқындалады.

Exit mobile version