Еуропалық Одақ сыртқа берілетін көмек тәртібін қайта қарастыруды көздеп отыр. Болашақта бұл қаражат Еуроодақтың стратегиялық мүддесіне сай келетін мақсатты көмекке бөлінетін болады. Бұл туралы 10 ақпан күні Bloomberg хабарлады.
Еурокомиссияның сыртқы көмек қаражатын бөлу жөніндегі жоспары Дональд Трамптың АҚШ-тың халықаралық даму агенттігін (USAID) тарату туралы шешімі аясында әзірленуде. Ол қызметіне кіріскен бойда агенттіктің жыл сайын ондаған миллиард доллар көлемінде бөлетін шетелдік көмегінің дерлік барлық бағдарламаларын 90 күнге қаржыландыруды тоқтататынын жариялады. Дональд Трамп Ақ үйге келгеннен кейін Маск пен USAID арасындағы қақтығыс агенттіктің жабылуымен аяқталды. Америкалық көшбасшының пікірінше, ұйымның жоғарғы басшылығында «радикалды элементтер» басымдық алған, сондықтан оның қызметін қайта бастау туралы шешім тек басшылық толық жаңартылғаннан кейін ғана қабылданады.
3 ақпанда Вашингтондағы USAID-тің штаб-пәтері ресми түрде жабылып, агенттіктің сайты жұмысын тоқтатты. Сол күні ұйымның жаңа басшысы Мэтт Хопсон қызметінен кетті. Ақ үй USAID-тің ең негізсіз шығындарының тізімін жариялап, агенттіктің қаржы бөлуді күмәнді мақсаттарға бағыттағанын мәлімдеді.
Қазақстандық журналист әрі саясаттанушы Айгүл Омарованың айтуынша, USAID-тің әрекетіне қатысты сыни пікірлерді көптеген елдер ұзақ жылдар бойы білдіріп келген. Енді бұл пікірді америкалықтардың өздері де мойындап отыр.
«Американдықтар уақыттың өзгергенін түсінді. XXI ғасырда әлем бірполярлы болмайды, бұл анық. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да көпполярлы әлем қалыптасуы керек екенін айтты. Осы арқылы Дональд Трамптың шешімі түсінікті бола бастайды, себебі USAID-тің қызметі АҚШ-тың тұтастығына зиян келтірді,» – дейді саясаттанушы.
Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерде USAID тәуелсіз БАҚ-ты, адам құқықтарын қорғау ұйымдарын және демократияға байланысты жобаларды қолдап келген болатын. Енді бұл ұйымдар қаржыландырусыз қалса, жағдай қиындай түсуі немесе олардың мүлде жабылып қалуы мүмкін. Алайда саясаттанушы Айгүл Омарованың айтуынша, бұл ұйым өкілдері адам құқықтары мәселесін айтып, өзге мақсатты көздеген.
Адам құқықтары мен әйелдер құқығы мәселесін көтереміз деген желеумен, шын мәнінде, мұндай ұйымдар ЛГБТ өкілдерінің мүдделерін қорғаумен айналысып келді. Олардың негізгі мақсаты – біздің дәстүрлі қоғамға ЛГБТ мен трансгендерлік идеяларды насихаттау болды. Әйелдер құқығы – бұл ұйымдар үшін тек бүркеншік тақырып.
Әрине, Трамп бұл мәселені толық шеше алмайды, бірақ АҚШ-та бұл жағдайды түсіне бастады. Естеріңізде болса, Трамп Ақ үйге оралған бойда әлемде тек екі жыныс бар екенін – әйел мен еркек қана екенін мәлімдеді. Біз де осы ұстанымды ұстануымыз керек, өйткені біздің билік бұл мәселеде нақты позициясын көрсетпей отыр. Себебі оларға бұл бағытта шектеу қоймау туралы талап қойылған.
Мен ЛГБТ өкілдеріне қарсы емеспін. Себебі журналист ретінде ЛГБТ өкілдерімен сұхбаттасып, олардың әңгімелерін тыңдағанмын. Олар бізден ештеңе талап етпейді, тек қысым көрмеуді қалайды. Ал шын мәнінде, біздің елде оларға ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ, – дейді Айгүл Омарова.
Көптеген халықаралық ұйымдар өздерін демократия мен адам құқықтарын қорғаушы ретінде таныстырады. Алайда олардың шынайы қызметі жиі күмән тудырады. USAID – дәл осындай ұйымдардың бірі, ол әлемнің түкпір-түкпірінде, соның ішінде посткеңестік елдерде өз ықпалын жүргізуге тырысты. Қаржылық қолдау мен гранттар арқылы үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) басқарып, өз мүдделерін жүзеге асыру – бұл олардың басты әдісі болды.
Олар экологиялық жобалар мен әлеуметтік бастамаларды желеу етіп, шын мәнінде саяси процестерге араласып, өздеріне ыңғайлы билікті қалыптастырумен айналысты. Осылайша, USAID тек демократиялық құндылықтарды қорғап қана қоймай, жергілікті элиталарды жемқорлыққа тарту арқылы өз бақылауын күшейтті.
«Қырғызстанды мысалға алайық. Онда бес мыңнан он мыңға дейін ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) жұмыс істеді. Олар пеликандарды, тарақандардың қандай да бір түрлерін және тағы басқа экологиялық мәселелерді қорғаумен айналысты. Бірақ сайлау кезінде бұл ұйымдар USAID-тің тапсырмасы бойынша әрекет етуі керек еді, яғни олар өздеріне тиімді үкіметтерді билікке әкелуге тырысты.
Олар мұндай тәсілді бүкіл әлемде қолданды. Сонымен қатар, USAID өзі де жемқорлыққа батқан ұйым еді және посткеңестік кеңістіктегі, сондай-ақ әлемнің басқа да аймақтарындағы элиталарды жемқорлыққа тартты. Бұл – олардың жұмыс істеу стилі»,- дейді мәдениеттанушы Елдес Сейіткемел. Қоғам қайраткері Дос Көшім бұл тақырып бойынша мол тәжірибесі бар маман ретінде USAID-тің қызметінің ерекшеліктері мен оның мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға ықпалы жайлы айтты.
«1992-1993 жылдан бастап осындай қорлармен көп жұмыс істедім, гранттар алдым, олардың басшыларымен, USAID-тің жетекшілерімен кездестім. Сол себептен бұл мәселеден хабарым бар. Әңгіме USAID-тің жұмысын тексеруге олардың мүмкіндігі бар ма дегенге келіп тіреледі, себебі бұл мемлекеттік қор болып есептеледі. Одан бөлек көптеген жеке қорлар бар, мысалы, «Сорос-Қазақстан» сияқты түрлі қорлар, сондай-ақ көптеген елдерде әрбір саяси партияның жанында қорлар жұмыс істейді. Қысқасы, бәрін USAID бақылап отыр деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Екіншіден, USAID-тің көмегінің бір ерекшелігі бар. Басқа қорлар көбінесе қоғамдық ұйымдарға, азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оларға грант беріп, оқытумен айналысса, USAID мемлекеттік органдарға көмек береді. Біздің депутаттарды Америкаға шақырып, оқытады, олардың жол қаражатын, тұратын жерін толықтай өз мойнына алады.
Мен нақты мысал келтірейін: 1999 жылы Варшавада үлкен бір жиын өтті, USAID-тің мерейтойы ма, есімде жоқ, бірақ ауқымды жиын болғаны анық. Оған Хиллари Клинтон және тағы 2-3 мемлекет басшысы қатысты. Сол кезде Қазақстаннан он адам барды, делегация құрамында мен ғана қоғамдық ұйым өкілі, азаматтық қоғам өкілі болдым, қалғандары – мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан USAID-тің негізгі бағыты – мемлекетке көмек көрсету. Жеке ұйымдар, яғни адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар да қаржы алады, бірақ олардың үлесі айтарлықтай емес. Сондықтан адамдар бұл мәселені дұрыс түсінуі керек. Кейбіреулер «қоғамдық ұйымдар, шетелден грант алатындардың мүмкіндігі шектеліп қала ма?» деп алаңдайды. Бірақ жоқ, USAID-тің негізгі бағыты – мемлекеттік деңгейде көмек беру.
Кез келген мемлекеттік қорды тексеру қажет. Олар бөлген қаражат тиімді жұмсалды ма, әлде басқа мақсаттарға кетті ме – тексерілгені дұрыс. Менің ойымша, бұның Қазақстанға немесе әлемге еш зияны жоқ. Барлық қорлар өз ішінде аудит жүргізеді, сондықтан бұл – үлкен мәселе емес деп ойлаймын», – дейді Дос Көшім.
Сарапшылар мен бақылаушылардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың USAID-ті жабу туралы шешімі көптеген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен азаматтық белсенділер арасында үлкен абыржушылық пен белгісіздік тудырды.
Бұл шешім USAID-тің қаржыландыруына тәуелді болған ұйымдардың болашағын бұлыңғыр етті, өйткені олар өздерінің негізгі қаржы көзінен айырылды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдері мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары USAID-тің жабылуы олардың қызметіне кері әсерін тигізіп, демократиялық институттардың дамуына тежеу болуы мүмкін деп алаңдауда.
Бұған дейін USAID түрлі мемлекеттерде саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалар жүргізуді қолдап, көптеген белсенділер мен ҮЕҰ-ға қаржылай және ақпараттық көмек көрсетіп келген. Енді оның жабылуы бұл ұйымдардың алдағы жоспарларын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
«Бұл агенттік жай ғана «түрлі-түсті төңкерістердің жаршысы» болмаса да, оларды белсенді түрде ұйымдастырып, ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) белсенділерін даярлап, қаржылай және идеологиялық қолдау көрсетіп отырды. Оның басты мақсаты – бұрынғы КСРО республикаларын, Балқан түбегі елдерін және басқа да мемлекеттерді іштен әлсірету еді.
Қазіргі уақытта Трамптың USAID-ті жабу туралы шешімі осы ұйымдар мен белсенділер арасында үлкен абыржушылық туғызды. Олар өздерінің болашақ жоспарларына күмәнмен қарай бастады. Әлеуметтік желілерде қазір USAID-тің Қазақстанда тікелей қаржылық қолдау көрсеткен адамдар мен ұйымдардың аты-жөні аталған видеолар тарап жатыр. Бұл видеоларда Қазақстандағы кейбір ұйымдардың ЛГБТ құқықтары мен мүмкіндіктерін алға жылжытуға белсенді көмектескені айтылған»,- дейді Айгүл Омарова.
Қоғам белсенділері Қазақстанда мұндай ұйымдардың орнығып алғанын және олардың елдегі дәстүрлі құндылықтарға әсер етіп жатқанын алға тартады.
Бұл ұйымдар, ЛГБТ өкілдерінің мүдделерін қорғаушылар, жастардың санасына терең ықпал етті. Олар тек жастармен шектелмей, орта жастағы азаматтардың көзқарасына да әсер етуде. Себебі, олар Қазақстанда берік орнығып, өз идеологиясын кеңінен таратуда,» – дейді қоғам белсендісі Құдайшүкір Абдуллаев.
1961 жылы АҚШ президенті Джон Кеннедидің жарлығымен құрылған USAID бастапқыда дамушы елдерге экономикалық және гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жұмыс істеген. Алайда жылдар өте келе, бұл ұйым өз қызметінің аясын кеңейтіп, тек гуманитарлық жобалармен ғана шектелмей, саяси ықпал етудің маңызды құралына айналды. USAID бағдарламалары арқылы АҚШ өз мүдделерін түрлі мемлекеттерде ілгерілетіп, саяси процестерге жанама түрде әсер етіп отырды. Осы күнге дейін бұл агенттік Америка шекарасынан тыс көптеген елдерде ықпалын жүргізіп, түрлі салаларда, соның ішінде саясат, экономика, медиа және азаматтық қоғамды қалыптастыру бағыттарында белсенділік танытып келген.
USAID-тің тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте, Еуропалық Одақ өз халықаралық көмегін қайта қарастыруды жоспарлап отыр.
Әлемдегі ең ірі халықаралық көмек доноры саналатын ЕО бұл бағытта маңызды өзгерістер енгізбек. 2023 жылы ЕО-ға мүше мемлекеттер шетелдік елдерді қолдауға жиынтығында 99 миллиард доллар бөлген, ал АҚШ бұл мақсатқа шамамен 72 миллиард доллар жұмсаған, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.