Бүгін утильалым мен бастапқы тіркеу салығына қатысты халық тарапынан жолданған құзырхат аясындағы қоғамдық тыңдаудың кезекті отырысы өтті. Назарбаев дәуірінен келе жатқан утильалым дауын өнеркәсіп және құрылыс министрі Шарлапаев та шеше алмай, шешкенді қойып, оныз да тұтанғалы тұрған шоқты одан әрі үрлеп, қағыстырып жіберді. Утильалым мен бастапқы тіркеу салығына қарсы қарасы қалың топтың әрі қарай қандай қадамға барары белгісіз.
Сонымен, бүгін жиында үкімет халық тарапынан жолданған құзырхатты негізсіз әрі онда көрсетілген мәлімет шындыққа жанаспайды деп утильалым мен бастапқы тіркеу салығы тоқтатылмайтынын мәлімдеді.
Қоғамдық тыңдауда өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі утильалым мен бастапқы тіркеу салығы неліктен тоқтатылмайтынын санмен, дәлелмен түсіндіруге тырысты. Бірақ өкілдің сөзі өте сенімсіз шықты.
Мәселен, министрлік өкілі утильалым мен бастапқы тіркеу салығын қалдырудағы басты негіз ол – отандық автонарықты қорғау (отандық автоөндіріс) және экологияны сақтау. Отандық автоөндіріс дегеніңіз, шынын айтқанда, бар деуге келмейтін жоқ деуге келмейтін нәрсе. Өйткені, Қазақстан автомашина өндірмейді, тек құрастырады! Өндіру мен құрастыру екі басқа нәрсе. Бірақ үкімет үшін ол – отандық автоөндіріс, айтқанға күшті, әрине. Сондықтан министрлік өкілінің отандық автоөндірісті қорғау дегені ол – Нұрлан Смағұловты, Андрей Лаврентьевті қатарлы автонарық қожайындарын қорғау десек дұрыс болады. Себебі, жоқ автоөндіріс неден, кімнен қорғайсың?!
Енді экологияға келейік. Иә, ескі көліктердің экологияға зияны бары рас. Бірақ экологияға төніп тұрған қауіптің үлкені осы ма? Әлбетте, жоқ! Мәселен, Алматы қаласының экологиясына жылдар бойы орасан зор зиян әкеліп жатқан жылу электр станцияларын газға көшіру проблемасын үкімет талай жылдан бері әлі шеше алмай отыр. Бұл бір ғана қаладағы жағдай. Біз Өскемен, Павлодар, Атырау, Маңғыстаудың экологиялық мәселесін айтсақ, ол ұзақ әңгіме. Демек, утильалым үшін экологияны алға тарту ең әлсіз негіз.
Министрлік өкілі «Қазақстанда 80% адам көліксіз, ал олар таза ауамен тыныстауға қақылы» деді. Тап осы 80% өте күмәнді. Министрліктің бұл мәліметті қайдан алғанын бір Құдайдың өзі біледі.
Ішкі істер министрлігі берген мәліметке сүйенген өнеркәсіп және құрылыс министрі 2023 жылы шығарылғанына 2 жылдан асқан көліктерді тіркеу ең үлкен көрсеткішке жетіп, 59% жеткенін көрсетті. Рас, ескі көліктерді әкеліп, сататын алыпсатарлар тобы бар екені жасырын емес. Бірақ бір әлеуметтік шындық бар: халық табысы төмен болғандықтан, қалтасы көтеретін арзан көлік іздейді, ал Қазақстанда құрастырылған жаңа көліктерді алуға көпшіліктің жағдайы көтермейді. Үкіметтің түсінгісі, көргісі келмей, тура қарай алмай тұрғаны шындық – осы. Ал енді көлік неге қымбаттады дегенге министрліктің жауабы тіптен қызық, теңге құнсызданып, АҚШ доллар өскендіктен көлік қымбаттапты. Ең қызығы, теңгенің құнсыздануына жол берген кім? Әрине, үкімет. Демек көліктің қымбаттауына тікелей үкіметтің валюталық саясаты кінәлі болып шығады. Ал осыны утильалымды қорғаудың тәсіліне пайдалану дегеніңіз енді сау адам түсінбейтін нәрсе.
Утильалым демекші, алым-салықтан түсетін қаражаттың қайда, қалай жұмсалатыны әлі күнге жұмбақ, құпия. Үкімет оған алыпқашпа, сенімсіз жауап беріп келеді. Ал алым-салықты жойғысы келмейді. Халыққа қолжетімді көлік шығармайды, теңгені құнсыздануға жол береді, экологиялық үлкен мәселелерді мүлдем қозғамайды, бірақ халықтан алым-салық жинауға келгенде қасарысады. Сонда үкіметтің көксегені не? Әлде Шарлапаевқа митингілердің шоғын әдейі үрлетіп отырған біреулер бар ма?
Айтпақшы, ескі көлік әкеліп сатып пайда көріп жүргендерді «елдің индустриялық дамуынан өз пайдаларын биік қояды» деп сөгу үшін министр Шарлапаевтың саяси ішкі мәдениетінің және қоғаммен байланыс коммуникациясының деңгейі қандай екенін бағамдай беріңіз… Көлік алып сатушылар мен индустриялық даму арасын қиыстыруға сау адамның ақылы жетпейді. Шарлапаев мемлекетшіл де қалған ел сауда жасап, күнін көруге болмайды, себебі олай күн көру, тіршілік ету «елдің индустриялық дамуынан өз пайдаларын биік қояды» болып саналады да, мемлекеттік жауы болып шыға келесің…
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024