28-03-22 |
1870 рет қаралған
Зеленский саясаткер, президент ретінде бізге үлгі емес – депутат.
Зеленский саясаткер, президент ретінде бізге үлгі емес – депутат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда саяси реформа жасайтынын жариялады. Алдағы сәуір айында Мәжіліс депутаттары партия құруды жеңілдету, сайлау туралы заң жобасын қайта қарайды.

Ал Сайлау туралы заңда президент және ауыл әкімі сайлауына қатысатын азамат 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек деген талап бар. Сондай-ақ ел басқаруға үмітті азаматты саяси партия немесе қандай да бір ұйым арнайы ұсынбаса, бұрынғыдай өзін өзі ұсыну мүмкін емес.

Наталья Дементьева, мәжіліс депутаты
Наталья Дементьева, мәжіліс депутаты

 

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның айтуынша, бұл талап өте орынды. Себебі ол кез келген адам президент сайлауына қатыспауы керек деген пікірде

– Заңда Президент және ауыл әкімі сайлауына қатысу үшін 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу керек деген талап жазылған. Осы талап қаншалықты орынды?

– Өте орынды деп ойлаймын. Өйткені ол ең біріншіден мемлекеттік қызметкер болады. Яғни ол ауыл әкімі ретінде халық үшін қызмет етеді. Сондықтан бұл талап өте орынды деп ойлаймын.

Кедергі емес пе?

– Кедергі емес. Сіз қарапайым адам президент немесе ауыл әкім болуы керек деп ойлайсыз ба?

Иә. Қарапайым адам неге презиент сайлауына түсе алмайды. Мысалы Америкада Трамп ешқашан мемлекеттік қызметте істемесе де, президент сайлауына қатысып, жеңіп шықты ғой…

– Біз өзімізді Америкамен салыстырмай-ақ қояық. Біріншіден оларда талаптар басқаша. Екіншіден оларда жүйе басқа.

– Біздің еліміз Америка секілді демократиялық мемлекет емес пе?

– Оларда демократия жоқ. Америкада жалған демократия. Егер сіз Американың жүйесі туралы білетін болсаңыз… Менің онда туған-туыстарым мен достарым тұрғандықтан оны жақсы білемін. Бір қарағанда Америкада демократия бар секілді. Бірақ онда демократия жоқ.

– Жақсы. Американы қоя тұрайық. Өзімізбен бірге Совет үкіметі құрамында болған Украинада шоумен, әзілкеш Зеленский президент сайлауына қатысып, жеңіп шықты емес пе?

– Содан не болып шыққанын көрдіңіз бе?

– Соғыс болып жатыр…

– Иә, соғыс болып жатыр. Сол соғысты айтпай-ақ қояйық. Өйткені менің жеке пікірім соғысқа қарсымын. Украинаны да, Ресейді де қолдамаймын. Өзім орыс болсам да осы соғысты мүлде қолдамаймын. Бірінші немесе екінші жағында тұрмаймын. Өйткені соғысқа қарсымын.   

– Соғысқа қарсы болғаныңыз жақсы. Бірақ Украина халқы Зеленскийді демократиялық сайлауда өзінің президенті ретінде сайлады. Олардың өздерінің тілі мен ұлттық саясатын жүргізуге Путиннің кедергі келтіруге ешқандай қақысы жоқ қой. Өйткені бір елдің ішкі ісіне араласуға мүлде болмайды…

– Сұрағыңызды түсіндім. Дегенмен Зеленский саясаткер ретінде, тіпті елдің президенті ретінде бізге үлгі емес. Көрдіңіз бе? Ол мен үшін үлгі емес.  Президенттің қызметі немесе президент қандай болуға тиісті? Мен Зеленскиймен салыстырмаймын.

– Қазір Зеленскийге Еуропаның көшбасшы елдері қошемет көрсетіп жатыр емес пе?

Батыстың өзі Зеленскийді қолдамайды. Олардың мақсаты Зеленскийді қолдау емес.

– Жақсы, өзіміздің елге оралайық. Өркениетті есі дұрыс елдерде президент сайлауына түсу үшін 5 жыл мемлекеттік қызмет талап етілмейді. Бізде неге талап етіледі?

Бұл біздің талабымыз. Менің ойымша бұл дұрыс. Мысалы кез-келген адам ұстаз, мұғалім бола ала ма? Айтыңызшы маған. Мысалы сіз мұғалім болғыңыз келеді. Ал сіз мұғалім бола аласыз ба? Жоқ. Сондықтан арнайы білім керек. Қандай да бір бағыттардан өту керек. Ал саясаткер болу үшін мемлекеттік қызметтегі тәжірибе керек. Онсыз болмайды. Мысалы қарапайым халықтың орны бір бөлек. Өзім қарапайым халықтан шыққан мұғаліммін. Дегенмен ол үшін міндетті түрде білім керек. Елді басқару үлкен жауапкершілік.

– Сарапшылар экс-президент Назарбаевтың кезінде қабылданған бұл заң тәуелсіз кандидаттарды билікке жібермеу үшін қасақана жасалған дегенді айтады…  

Жоқ бұл көзқарасқа қосылмаймын. Осы талапты орындау керек. Кез келген адамның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге құқығы бар. Солай емес пе?  

– Қазір Тоқаев демократиялық «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп айтып жатыр. Мәселен мемлекеттік қызметте істемеген мықты кәсіпкер азаматты сайлауға қатыстырмай «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз ба? Бұл азаматтардың Констиуциялық құқығын бұзу емес пе?

Адамның құқығы бар. Бірақ қайталап айтамын, елді басқару халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін ұмытпайық.

 

P.S.

Сарапшылар 5 жылдық кедергіні экс-президент Назарбаев тәуелсіз кандидатты президенттік сайлауға қатыстырмау үшін әдейі енгізгенін айтады. Ал «Жаңа Қазақстан» құрып жатқан Тоқаев Назарбаев енгізген кедергіні алып тастай ма? Жоқ әлде ол да келесі сайлауға қатысқан кезде тәуелсіз кандидат тіркеліп кетпесін деп аталған заңды қалдыра ма? Егер заңды өзгертпесе Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз кандидатпен сайлауға түсуге қорқады деген сөз.

arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.