Есенжол АЛИЯРОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор:
– «Қаңтар қасіретінен» алған сабағымыз өте көп. Бұл жағдай Мемлекет басшысына да, халыққа да үлкен сын болды. Жаңаөзеннен бастау алып, бүкіл халықты толқытқан қаңтар оқиғасынан қандай қиын кезде де Мемлекет басшысына иек артатынын, Президент сөзіне құлақ асатынын аңғардық.
Түрлі ақпараттар тарап жатса да халық Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебізін күтті, қандай шешім қабылдайтынына елеңдеді. Бұл да Президентіміздің жылдар бойы жинаған беделінің, мінсіз абыройының арқасы деп ойлаймын.
Қаңтар қақтығысы бір күнде болған жағдай емес. Құқық қорғау органдарының құқықтық мемлекеттің қойып жатқан ережелеріне сәйкес келмегендігі, аймақтардың өзін-өзі басқару өкілеттіктерінің әлі күнге дейін бөлінбегенінің нәтижесі. Байқасаңыз көп жерлерде бүліншілік басталғанда орталық не айтады деп әкімдердің шешім қабылдай алмағаны байқалды.
Екінші жалпы азаматтардың өміріне қауіпсіздік төндіретін қозғалыстар мен жеке азаматтармен әңгіме қысқа болу керек. Олар тұтқындалуы керек, бағынбаса күш қолданылуы тиіс.
Үшіншіден, біз өзіміздің әскери күштерімізді, құқық қорғау органдарымызды, арнайы күштерімізді қайта қарап, жұмыс істеу жүйесін реттеуіміз керек.
Төртіншіден, азаматтардың қоғамда болып жатқан істерге белсенді араласуы қажет. Бейберекетсіздікті қоғамның өзі тоқтатуы керек.
Бесіншісі, мәдени саясат. Өзін оппозиция өкілі санайтындар мен елдегі мемлекеттік саясатқа көңілі толмайтындар митинг өткізгенде оның жауапкершілігі де болу керек. Өз ой-пікірін айтып, билікке талабын қойғандар құқық бұзуға жол бермеуі тиіс. Егер ұйымдастырушылар оны қамтамасыз ете алмаса жауапқа тартылуы керек.
Халықтың жаппай қарсылығынан кейін елді бір мақсатқа біріктіретін, халықтың сенімін нығайтатын озық бастама, ұтымды жоспардың қажет екені түсінікті.
Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы сол көпшілік сұранысына сай әзірленген құжат.
Мұнда Президентіміз 5 негізгі нәрсені атап өтті. Соңың ішінде халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту мәселесі де бар. Саясаттану теориясында ең төменгі айлық пен ең жоғарғы айлықтың арасы 11 еседен төмен не жоғары болса ондай елде тұрақсыздық болады дейді.
Бізде ресми статистиканың өзінде ол әлдеқайда жоғары боп тұр. Сол сияқты сыбайластық пен жемқорлықтың елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсері мол.
Агроөнеркәсіпті көтеру жайын да 1990 жылдан бері үзбей естіп келе жатырмыз. Азық-түлік мәселесі жыл өткен сайын бүкіл әлемде күрделене түсуде. Егер біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібін дұрыс жолға қоятын болсақ содан-ақ шетелдік валютамен мол табыс табуға мүмкіндігіміз бар. Бұл үшін алдымен ең алдымен өзімізге алғашқы кезекте қажет тауарларды шығаратын өндіріс орындарын қайта құруымыз қажет.
Электр қуатын өндірушілер оны кәсіпорынан оның әр киловататын 7-9 теңгеден жібереді. Бізге оны ортадағы делдалдар 28 теңгеге дейін сатады. өздері өндіріске бір тиын шығармай-ақ олардың өндірушіден көп табыс табуы қалай?
Билік өкілдері тарапынан әрдайым халықты Президенттің айналасына топтастыру жайы жиі айтылады. Бұл үшін сөз емес, іс керек.
Шындығында Жаңа Қазақстанды жалғыз Тоқаевтың шырылдауымен, жанталасуымен жасақтай алмаймыз. Ең алдымен дарынды азаматтарды мемлекетті басқару жүйесіне тартудың жүйесін дамыту қажет. Бізде сенімді, білікті мамандар жүйе болмағандықтан Президент жаңа Үкімет құрамын жасақтауда оларды алмастыратын кадрлардың аздығын айтты. 19 млн халқы бар Қазақстанда мемлекетті басқаруға адам табылмады деген ұят нәрсе егер шындығын айтар болсақ. Бұл жердегі басты мәселе оларды Президентке көрсетіп отыратын жүйеде боп тұр. Кадрлар көп болу үшін билікке таласатын белсенді партиялар болу керек. Олардың ішінен суырылып озып шыққандары мемлекеттік қызметке тартылуы тиіс.
Қазір кейбіреулер облыс әкімдері де сайлануы керек деп жүр. Егер атқарушы және заңшығарушы орган өкілдерінің уәкілеттігі бір-бірінен төмен боп тұрса, олар қалай бір-бірін бақылайды.
Жалпы Президент деген елдің дамуына қызмет жасайтын локоматив қой. Дәл қазір қиындыққа қарамастан Мемлекет басшысы өз фунциясын атқарып жатыр.
Президенттің ісі өнімді болуы үшін оның айналасына білікті мамандар топтасуы керек. Барлық жерде өз саласының маманы жұмыс жасайтын болса халықтың да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тез түзелері күмәнсіз. Бізде қазір мемлекеттік қызметке қатысты қоғамдық сана-сезіміміз әлі төмен.
Бұл үшін мемлекеттік қызметке барған адамдар отаншыл болып, елге қызмет етуді алдына басты мақсат етіп қоюы тиіс. Сонда ғана халық ешкімнің үгіт-насихатынсыз Президенттің артынан өзі еріп, оның идеяларын жүзеге асыруға белсене араласатын болады.